Мазмұнға өту
· 9 қаралым

Қош бол, қос палата!

Жаңа Ата Заңның күшіне енуі нақты іске көшудің бастамасы болды. Тарихи құжаттың алғашқы әрі ең үлкен нәтижесі – 30 жыл бойы жұмыс істеп келген қос палаталы Парламенттің тарих қойнауына енуі. Әдетте жаз мезгілінде шабаданын буып-түйіп, демалысқа қамданатын халық қалаулылары биыл мандаттарын мерзімінен бұрын тапсырды. Осылайша, сегізінші шақырылым өз жұмысын ресми түрде аяқтады. Мәжіліс пен Сенаттың соңғы бірлескен отырысына Мемлекет басшысы арнайы қатысып, ел дамуындағы күрделі кезеңде мінсіз қызмет еткен депутаттар корпусына жоғары баға берді. Енді қыркүйек айында олардың орнын ықшам әрі жедел шешім қабылдайтын бір палаталы Құрылтай басады. Тарихқа айналған қос палатаның соңғы күндері қалай өтті? Мандатын тапсырған экс-депутаттар енді немен айналыспақ және жаңа жүйеден күтер үміт қандай?

Әдетте, жаздың алғашқы күндерінен бастап елдегі саяси өмір тынышталып, қым-қуыт тірлік саябырситын. Парламенттің бірлескен отырысынан соң халық қалаулылары тіке өңірге жол тартатын. Сосын шабадандарын буып-түйіп, отандық және шетелдік курорттарға қарай аттың басын бұратын. Алайда бұл жолы жағдай мүлде басқаша. Жаңа саяси реформаға байланысты сегізінші шақырылым депутаттары жұмысын ерте аяқтады. Десе де, «әттең-ай» деп кетіп бара жатқан мандат иелері де баршылық.

АБЗАЛ ҚҰСПАН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ VIII ШАҚЫРЫЛЫМ ДЕПУТАТЫ:

01:05 «Мен қазіргі таңда Еуразия ұлттық университетінің докторантурасын тәмамдау соңғы курсындамын. Сондықтан ғылыммен айналысуға мүмкіндігім бар. 02:51 Жасай алмай қалған жұмыстарым бар. 02:54 Детектив қызметі туралы заңымды мен үлгере алмадым».

МАКСИМ РОЖИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ VIII ШАҚЫРЫЛЫМ ДЕПУТАТЫ:

01:27 «Қимастық әріптестерге ғана бар. Өйткені біздің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінде өте беделді, мықты маман тұлғалар жұмыс істеді. 01:48 Өмір ағыны өзгерістерді талап етеді».

Мәжіліс пен Сенаттың бұл соңғы бірлескен отырысы. Маңызды жиынға Президент арнайы қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев мінберде жолдауға пара-пар сөз сөйлеп, тарих қойнауына кетіп бара жатқан Парламентке оң бағасын берді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

03:23 «Бұл шақырылымды Қазақстанның жаңа тарихындағы ең мықты құрамның бірі деп сеніммен айтамын. Себебі сіздер мемлекетіміздің дамуындағы өте күрделі және шешуші кезеңде жұмыс істедіңіздер. Баршаңыз ел өмірінде болып жатқан ауқымды өзгерістердің бастауында тұрдыңыздар. Қаншалықты қиын болса да, түбегейлі өзгерістерді жүзеге асыру жолында табанды еңбек еттіңіздер».

Иә, 30 жылдық заң шығару марафонын тізгіндеген соңғы шақырылым депутаттары мемлекет басшысынан жылы сөз еститініндей-ақ жөні бар. Өйткені парламент қабырғасында 3 жыл ғана отырса да, халық қалаулылары бірталай іс тындырып үлгерді. Мәселен, төменгі палата өкілдері осы уақытқа дейін 300-ден астам заң қабылдап, Үкіметке 2 мыңға жуық сауал жолдаған. 31 Үкімет сағаты мен 9 парламент тыңдауын өткізген.

РИЗЗАТ ТАСЫМ, САЯСАТТАНУШЫ:

01:03, 07:06 «Депутаттарға оңай соққан жоқ. 07:19 Жаңа Конституцияның алғышарттарын жасап кетті. Яғни қоспалаталы Парламент таралмас бұрын 07:26 9 конституциялық заң жобасы қабылданған еді. Яғни 8 шақырылым депутаттары соның аясында жұмыс істеді. 07:50 Алғаш рет екі жаңа кодекс талқыланды. Цифрлық кодекс пен Құрылыс кодексі».

Президенттің пікірінше, қыркүйекте жұмысын бастайтын Құрылтайдың құрамына отаншыл, мемлекетшіл тұлғалар, яғни тек үздіктер ғана кіруі керек. Болашақ депутаттар заң шығару қызметінің сапасы мен жеделдігін арттыруы қажет. Сондай-ақ қоғамды толғандырған өзекті мәселелерге дер кезінде назар аударуы тиіс.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

10:37 АУДАРМА! «Құрылтайдың алдында барлық бюрократиялық рәсім түріндегі кедергілерді жою, заң шығару ісінің жеделдігі мен сапасын арттыру, білікті сарапшылардың және консультанттардың қызметін тиімді ұйымдастыру міндеті тұр. Жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуірінде Құрылтайға ұлттық заңнаманы тез өзгеріп жатқан цифрлық матрица жағдайына шұғыл бейімдеу үшін қарқынды жұмыс істеуге тура келеді. Жаһандық бәсекеге қаншалықты дайын екені осыдан көрінеді».

Мәжіліске сайланып, көңілі жайланып отырғандар некен-саяқ екен. Дені жең түріп жұмыс істеген. Солардың бірі – Асхат Аймағамбетов. Экс-министр осы аралықта бірнеше заң жобасын дайындауға атсалысқан.

АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ VIII ШАҚЫРЫЛЫМ ДЕПУТАТЫ:

02:08 «Біз 20-дан астам заңның авторы болдық, өзім де әріптестермен бірге қатыстым. Мыңнан астам түзету беріп, ол түзетулер қабылданды. Кейбір бастамалар әлі де іске асқан жоқ. Өйткені Үкіметтің өзінің жеке позициясы болды. 12:45 Парламент өзіне жүктелген миссияны тиімді атқара білді. Әрине, бағаны беретін біз емес. Бағаны халық береді».

Ал Сенат депутаттарының көңілі алабөтен. Наурызда жоғарғы палатаның миссиясы таяғаны айтылмай жатып-ақ, кейбір мандат иелері басқа лауазымға ауысып үлгерген еді. Мәселен, сенаторлардың бірі университеттің ректоры қызметіне тағайындалды. Десе де жоғарғы палата өкілдері Құрылтайдан орын бұйырып жатса, аянбай еңбек етуге дайын екендерін жеткізді.

ӘЛІШЕР САТВАЛДИЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ VIII ШАҚЫРЫЛЫМ ДЕПУТАТЫ:

00:03 «Негізінен біршама жұмыс атқардық. Жаңа бір мектептен өттік. Өзімізге көптеген қырларымыз ашылды. Сол бойынша жұмыс қарастырамыз. Егер Құрылтайға ұсыныс болып жатса, партиялық тұрғыдан оған да жұмыс істеуге дайынбыз».

Жаңа кезең. Жаңа мүмкіндіктер алаңы. Қасым-Жомарт Тоқаев халық қалаулыларының бірқатары келесі Құрылтайға өтіп, ел мүддесі жолында тер төге беретінін мәлімдеді. Ал Жоғарғы палата спикері Мәулен Әшімбаев та жұмысын қорытындылап үлгерді. 30 жылдың ішінде Сенат қабырғасында 900-ге жуық отырыс өткен екен.

МӘУЛЕН ӘШІМБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ VIII ШАҚЫРЫЛЫМ ТӨРАҒАСЫ:

29.06.26, 6660-01, 02:21 «Мен депутаттық корпусқа, сенаторларға да өзімнің ризашылығымды айттым. Біз енді бәріміз жақсы жұмыс істеп, еліміз үшін заңдарды қабылдап, Конституцияны жүзеге асыру үшін тиісті біраз заңдарды қабылдап, кодекстерге өзгерістер енгізіп, конституциялық заңдарды қабылдап, біз енді Жаңа Қазақстан, Әділетті Қазақстанның құқықтық негізін қалыптастыруға өзіміздің соңғы үлесімізді қостық десек, артық болмас».

Тиісінше, біршама жаңа жоспарды айқындап алу маңызды. Бірінші, мемлекеттік басқару құрылымын жаңғырту қажет. «Күшті Президент», «Ықпалды Құрылтай», «Есеп беретін Үкімет» саяси формуласы биліктің басты тұжырымдамасы болып қала береді. Ал парламенттік жүйе біртіндеп трансформацияланады. Мәселен, бұл реформа негізінен Еуропаның тәжірибесінен алынған. Оның ішінде бір палаталы парламент Скандинавия елдерінде жемісті жұмыс істеп тұр.

ЕЛДОС ЖҰМАҒҰЛОВ, САЯСАТТАНУШЫ:

49:03, 00:16 «Бір палаталы Парламенттің унитарлы мемлекетке бір пайдасы деп айтуға болады. Ол ықшамдығы және заң шығару процесінің жеделдеуі деп айтуға болады. Өйткені екі палаталы Парламентте әр палатаның комитеттері болады. Заңды қарастыру ұзап кетеді кейде. Бізде бір заңды қарастыру бір жыл, екі жыл көлемінде орын алып жатады. Қазіргі бір палаталы Құрылтайда жылдамырақ бола ма деген сенім бар».

ҚАЙЫРКЕН ОТЫНШЫ, ТІЛШІ, СТЕНДАП:

Осылайша, 30 жылдық тарихы бар қоспалаталы Парламент тарих қойнауына енді. Ал сол жағалаудың қақ ортасындағы мына ғимаратта бірнеше күн бұрын «Қазақстан Республикасының Парламенті» деген жазу бар еді. Ол да келмеске кетті. Дәл осы атшаптырымдай аумақта талай-талай өзекті тақырыптар талқыланып, маңызды құжаттар қабылданған жер. Негізі, осы уақытқа дейін Парламентте 3500 заң шығарылған. Ал оның әрбір оныншы құжаты депутаттардың бастамасымен жүзеге асқан. Енді Есілдің бойына жуырда бір палаталы Құрылтай орнығады.

← Барлық жаңалықтар