Батыс Қазақстан облысында мемлекеттік қызметкер 106 миллион теңгені жымқырып кеткен. Бірақ ол қазына қаржысына қымбат мүлік не көлік алмапты. Не істеді дейсіздер ғой? Құмар ойын ойнап, ұтылып қалған. Қазталов ауданы ветеринария стансасының бас бухгалтері бәс тігемін деп басы дауға қалыпты. Құмар ойынға құштар маман қызметін асыра пайдаланып, өзіне жалақыны артық жазып, сыйақы, жәрдемақыны молынан алып, жалған іссапар құжатын рәсімдеп, бюджет қаржысын заңсыз иемденіп отырған. Сотта қаралған деректер бойынша, ол жымқырған ақшасын букмекерге салған. Айыпталушы өз кінәсін толық мойындағанымен, 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал келтірілген шығын әлі өтелмеген.