Мазмұнға өту
· 8 қаралым

Ломбардтың иесінен 21 пәтер тәркіленді

Алматы облысында ломбард қожайынының 21 пәтері, 7 көлігі мен дүкен және қонақ үйі тәркіленді. «Альби» микроқаржылық ұйымы заңсыз жұмыс істеп, 146 млн-нан астам табыс тапқан. Халыққа аты кеңінен таралған ломбард бұған дейін лицензиясынан айырылыпты. Бірақ сонда да зергерлік бұйымдарды кепілге алып, қарыз беріп отырған. Тіпті клиенттерді тарту үшін мүлікті жоғары бағалайтынын, қарыз алудың несие тарихына әсер етпейтінін айтып жарнамалаған көрінеді. Берешек күніне 2 пайыз өсіммен берілген. Бұл заңда белгіленген 0,3 пайыз шекті мөлшерлемеден алты есе жоғары.

ЕРНАР ТАЙЖАН, ҚР ҚМА РЕСМИ ӨКІЛІ:

Қарыз шарттары бұрынғы «Альби-ломбард» ЖШС мөрлері басылған кепіл билеттері арқылы рәсімделген. Ал ақшалай есеп айырысу қолма-қол және күдіктілердің бақылауындағы жеке кәсіпкерлердің банк шоттары арқылы жүргізілген. Қылмыстық жолмен 146 млн теңге түскен. Күдікті әйелге қатысты ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат алу түрінде бұлтартпау шарасы қолданылды. Сот арқылы оның мүлкіне, атап айтқанда, 21 пәтеріне, 5 жер теліміне, 7 автокөлігіне, 7 гаражына, екі дүкені мен қонақүйіне тыйым салынды.

← Барлық жаңалықтар