Мазмұнға өту
· 11 қаралым

Әйел мен сәбиін көлікпен қағып, қашып кеткен

Қасында сәбиі бар әйелді көлікпен қағып, қашып кеткен жүргізуші іздестіріліп жатыр. Қайғылы оқиға Қызылорданың Құлтекенов көшесінде болған. Жол жиегінде келе жатқан 26 жасар келіншекті құйғытып келген Mitsubishi алдындағы балалар арбасымен бірге бір соғып ұшырып жібереді. Нәресте ауруханада көз жұмды. Денесінің сау-тамтығы қалмаған жас ана ауыр халде жатыр.

Бұдан үш күн бұрын болған оқиғаның видеосы енді тарап жатыр. Кешкі бестер шамасында тар көшеде көлігімен құйғытқан жүргізуші бөпесін қоларбаға салып алып алаңсыз кетіп бара жатқан әйелді қағып өте шыққан. Тоқтау былай тұрсын, тіпті артына бұрылып та қарамапты. Сол күйі оқиға орнынан қаша жөнелген.

МАДИЯР БАЙӘЛІМОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Мен келдім, көрдім. Адамдар жиналған екен. Жедел жәрдем келіп, екеуін де алып кетті. Сөйтсем, кішкентай баласы ОМЦ-да өліп қалған. Анасының жағдайы нашарлап жатыр дегенді естідім.

Жедел жәрдеммен медициналық орталыққа жеткізілген бес айлық сәби жансақтау бөлімінде көз жұмды. Ал 26 жастағы келіншек ауыр халде, реанимацияда жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, сынбаған жері жоқ. Өз-өзіне келген соң бірнеше күрделі операция жасау керек дейді.

ӘСЕТ ЖАЛМАҒАНБЕТОВ, КӨПБЕЙІНДІ ОБЛЫСТЫҚ АУРУХАНА ДИРЕКТОРЫНЫҢ ХИРУРГИЯ САЛАСЫ БОЙЫНША ОРЫНБАСАРЫ:

Түскен кездегі диагнозы – көптік жарақат. Бас миының ашық жарақаты, бас миының орташа соғылуы, шүйде сүйектерінің сынығы, сол кеуде қуысының 3, 4, 5-қабырғалардың және бұғананың жабық сынығы. Жағдайы тұрақты ауыр күйде, есі анық, тынысы өздігінен, термодинамикасы тұрақты. Емін толық алып жатыр.

Ал тәртіп сақшылары тайлы-тұяғы қалмай үш күннен бері күдіктіні іздеп жатыр. Жеке басын анықтап, қылмыстық іс те қозғаған. Бірақ жердің астына түсіп кеткен бе, әлі табылмапты.

РАҚЫМЖАН СҰЛТАНҚҰЛОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПД АНЫҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Қызылорда облысының полиция департаменті күдіктінің жүрген жерін анықтау және оны ұстау бойынша барлық қажетті шараны қабылдап жатыр. Қалаға кіреберіс жолдарда бақылау күшейтілді. Күдіктіні іздеу және ұстау бойынша жедел-іздестіру шараларына полиция департаментінің барлық күштері жұмылдырылды.

Бейресми дерекке жүгінсек, 2000 жылы туған жүгенсіз жүргізуші оқиға болған күні Mitsubishi Lancer көлігімен жүрген екен. Жәбірленуші тарап елден шығып, жазадан сытылып кетпесе болды деп қауіптеніп отыр. Ал бұл істі өңірдің бас полицейі тікелей бақылауына алыпты.

← Барлық жаңалықтар