Ақтөбеде қара басының қамы үшін жұртты бопсалаған екі жігіт ұсталды. Бірі таныс әйелмен жақын қарым-қатынаста болып, әр сәтін таспаға түсіріп алып жүріпті. Кейін сол бейнежазбаны өзіне олжа етіп, «абыройыңды айрандай төгемін, интимдік кадрларды туған-туысыңа таратып, елге жария етемін» деп қоқан-лоқы көрсетіп, 700 мың теңге талап еткен. Ал Хромтауда жаттықтырушы бұрынғы танысы ер адамнан жарты миллион теңге сұрап, «ақшаны бермесең, көрген күнің қиын болады, өміріңе қауіп төнеді» деп сес көрсетіпті. Бірақ өз дегенін істемек болған екеуі ақыры соңында абақтыдан бір-ақ шықты. Енді төрт жылға дейін сотталуы мүмкін.
ЕРБОЛАТ САРҚҰЛОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:
Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жүргізген арнайы операция барысында екі ер адамды да жәбірленушілерден ақша алу кезінде ұстады. Қазіргі таңда ұсталғандар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бопсалау дерегі бойынша қозғалған қылмыстық істер аясында сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.