Қара алтынды заңсыз экспорттап, мемлекетке шаш етектен шығын келтірген. Ұлттық қауіпсіздік комитеті мұнай контрабандасының жолын кесті. Байлыққа құныққандар жер қойнауын пайдаланушы компаниялардан шикізат алып, кейін аймақтағы екі зауытта өңдеген. Олармен сөз байласып, жалған сапа паспортын да ресімдепті. Сөйтіп, дайын өнімді пеш отыны ретінде көрсетіп, Ақтау теңіз порты арқылы ел аумағынан шығарып отырған. Тергеу дерегіне сәйкес, 2019–2023 жылдар аралығында шетелге 160 мың тоннадан астам мұнай заңсыз экспортталыпты. Операциялардың жалпы көлемі шамамен 45 млрд теңгеге бағаланған. Ал қылмыстық схеманың басты фигуранты – маңғыстаулық кәсіпкер әлі қолға түспеген. Ол халықаралық іздеуде жүр.
ҚАЙЫРЛЫ АХМЕТ, ҚР ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК КОМИТЕТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Биыл жүргізілген процестік іс-шаралар кешені аясында қылмыстық іс фигуранттарының активтері, сондай-ақ шағын мұнай өңдеу зауыттары, танкер және өзге де мүлік тәркіленді. Жалпы, заңсыз алынған кірістер мен төленбеген салықтар бойынша 2 млрд теңгеден астам қаражат мемлекет кірісіне өндірілді. Бұған дейін Ақтау қалалық сотының үкімімен ұйымдасқан қылмыстық топтың бес қатысушысы, оның ішінде шағын мұнай өңдеу зауыттары мен трейдерлік компанияның басшылары Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 234-бабының 3-бөлігі және 262-бабының 2-бөлігі бойынша 8 жылға бас бостандығынан айырылған. Қылмыстық схеманы ұйымдастырушы халықаралық іздеуде.