Шымкент тұрғыны биткоин сатқаны үшін ресейлік қаржы пирамидасының негізін қалаушы ретінде сотталып кетті. Бірақ оның қорғаушылары мен жақындары үкіммен мүлде келіспейді. Олар төрт жыл бұрын басталған тергеу әу бастан қисынсыз болғанын айтады.
АНАСТАСИЯ ПОРОШИНА, СОТТАЛҒАН АЗАМАТТЫҢ ӘЙЕЛІ:
Төрт жыл бұрын күйеуімнен биткоин сатып алған Лесников Роман, Корабельникова Татьяна және Ахмед Алхазуров деген үш азамат криптовалютаны алғанымыз жоқ деп арыз жазады. Бірақ операцияның дұрыс өткені туралы чектер және өзара жеке жазбалары бар. Кәдімгі жала жапқанына қарамастан, тергеу органдары төрт жыл бұрын қылмыстық іс қозғады да, содан соң нағыз қисынсыз тергеу басталып, біздің отбасымыз үшін өмір тозаққа айналды.
Маусым айының соңында сотталған Вячеслав Порошинге 2022 жылы негізсіз іс қозғаған полицейлер нақты айып таға алмай, істі экономикалық тергеп-тексеру департаментіне өткізген. Алайда олар да бірнеше айдан кейін істі жауыпты.
Осы аралықта қайтадан тергеуді ашқан құзырлы орындар алты мәрте ілік таппай, ақыры соңында Ресейде тіркелген қаржы пирамидасының негізін қалаушы ретінде көрсетіп, сол бойынша айыптаған. Сотталушының жақындары осы уақыт арасында тергеушілер де, сот процесі кезінде де бірде-бір дәлеліміз назарға алынбады деп ашынады. Тіпті істің нақты нүктесін қоюы тиіс цифрлық сараптаманы тағайындаудан да бас тартты дейді.
Енді шетелдік қаржы пирамидасын құрды деп айыпталып, алты жылға сотталған 43 жасар Вячеслав Порошиннің әйелі екі мүгедек баласымен кассациялық сотқа жүгінбекші. Ал 2022 жылдан бері созбалаңға салынған істе нақты нендей дәлелмен үкім шығарғанын шымкенттік сот тек жазбаша түсіндірді.
ҚАЛАЛЫҚ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ АУДАНАРАЛЫҚ СОТ:
Сотталушының кінәсі куәлардың жауаптарымен, маман қорытындысымен, «Kaspi Bank» АҚ-дағы шоттардағы бір мезгілде түскен көптеген түсімдер, маман қорытындысымен, сараптама қорытындысымен, ұялы телефондарды қарап-тексеру хаттамаларымен, ондағы аудио-, бейнежазбаларымен, хат алмасулармен және басқа да іс бойынша жинақталған дәлелдемелердің жиынтығымен толық дәлелденеді.