Мазмұнға өту
· 17 қаралым

Медициналық сақтандыру қорындағы ақшаны жымқырған

Астанада жеке клиника басшысы медициналық сақтандыру қорынан 79 млн теңге жымқырғаны үшін сотталды.

Басқа өңір тұрғындарын, кәмелетке толмаған балаларды заңсыз тіркеген. Астанада міндетті әлеуметтік сақтандыру қорының қаржысын жымысқы жолмен қалтаға басқан жеке клиниканың басшысы сотталды. Ол құйтырқы ісін жүзеге асыру үшін «Damu Med» ақпараттық жүйесіндегі медицина қызметкерлерінің аккаунттарына дейін пайдаланыпты. Қордағы қаражатты алу үшін өзі заңсыз тіркеген азаматтарға ем-шара жасалғаны туралы көпе-көрнеу жалған мәліметтерді енгізіп отырған. Салдарынан мемлекетке 79 млн теңге шығын келіпті.

ЕРНАР ТАЙЖАН, ҚР ҚАРЖЫЛЫҚ МОНИТОРИНГ АГЕНТТІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

«Forte Clinic Tumar» ЖШС жеке клиникасының басшысы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан негізсіз қаржы алу мақсатында емханаға тіркелген азаматтар санын жасанды түрде көбейту схемасын ұйымдастырған. Бұл схеманы жүзеге асыру үшін ол «Денсаулық сақтауды дамытудың ұлттық ғылыми орталығы» ШЖҚ РМК қызметкерін тартқан. Ол қызметтік қолжетімділігін пайдаланып, жалған өтінімдерді заңсыз мақұлдап отырған. Сот үкімімен клиника басшысы 5 жылға, ал Денсаулық сақтауды дамыту орталығының қызметкері 3 жылға бас бостандығынан айырылды.

← Барлық жаңалықтар