Мазмұнға өту
· 29 қаралым

Алакөлде екі гидроцикл соқтығысып, бір адам көз жұмды

Демалыста демі үзілді. Алакөлде екі гидроцикл соқтығысып, бір адам көз жұмды. Ал түрлі жарақат алған екінші ер азамат ауруханада жатыр. Жетісу облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қайғылы жағдай Ақши ауылында кешкі сағат 9-дар шамасында болған. Бұл аталған факт бойынша Алакөл аудандық полиция бөлімі сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын жүргізуде.

БЕКСҰЛТАН АНЕТҰЛЫ, ЖЕТІСУ ОБЛЫСТЫҚ ПД АҚПАРАТТЫҚ САЯСАТ БӨЛІМІ БАСТЫҒЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Полиция қызметкерлері Ақши ауылындағы Алакөл көлінде болған оқиға фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. Полиция шағын көлемді су көліктері мен гидроцикл иелерін судағы қауіпсіздік қағидаларын қатаң сақтауға, қозғалыс кезінде қауіпсіз жылдамдықты таңдауға, арақашықтықты сақтауға және су көлігін басқару барысында барынша мұқият болуға шақырады. Осы талаптарды сақтау қайғылы жағдайлардың алдын алуға және адам өмірін сақтауға мүмкіндік береді.

Осыған ұқсас тағы бір оқыс оқиға Көктұма жағажайында болды. Мұнда жағада артқа жүріп келе жатқан катердің астына 63 жастағы әйел түсіп кетіп, қос аяғынан айырылды. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, көп қан жоғалтып, шок алған ол ауруханаға өте ауыр халде жеткізіліпті. Дәрігерлер оған ауыр аралас политравма диагнозын қойған. Қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Бұл факт бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде.

← Барлық жаңалықтар