Өзге елде отырып басқарған. Елімізде заңсыз жұмыс істеп келген «Nomad Poker» деп аталатын онлайн казиноның қызметі тоқтатылды. Құмар ойынның көрігін Қазақстан азаматтары Грузияда жатып алып-ақ қыздырған. Олар өздерінің жеке басын жасырып, жымысқы әрекетін жалғастыру үшін дропперлерді, шетел азаматтарының атына рәсімделген банк шоттарын, байланыс құралдарын пайдаланған. Сөйтіп, банк шотына түскен қаржыны бақылауды қиындатып, олжаға кенелген. Ал заңсыз ойын платформасында ақша тігіп, құрыққа түскендердің саны 20 мыңнан асады. Әккілер әлеуметтік желілер мен жарнама арқылы олардың басын айналдырып, ойынға тартқан. Қазіргі кезде іс тергеліп жатыр.
ЕРНАР ТАЙЖАН, ҚР ҚАРЖЫЛЫҚ МОНИТОРИНГ АГЕНТТІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Күдіктілер Қазақстанға шетел азаматтарының ұйымдасқан түрде келуін қамтамасыз етіп, олардың атына 400 АҚШ долларына дейінгі сыйақы үшін банк карталары мен мобильді банкинг рәсімдеген. Тергеу барысында онлайн-казино қызметін қамтамасыз ету үшін 60-тан астам дроп-шот пайдаланылғаны анықталды. Ойыншылардан түскен қаражат көлемі 7,5 млрд теңгеден асты. Сот санкциясымен Алматы қаласындағы пәтерге, үш автокөлікке, сондай-ақ дропперлердің банк шоттарындағы 158 млн теңге көлеміндегі ақша қаражатына тыйым салынды.