Сүт зауытының маңында орналасқан кәріздің электр сорғысын жөндемек болған алты адам көз жұмды. Аман қалған бір жұмысшы ауруханаға жеткізілген. Қайғылы оқиға Павлодар облысының Жоламан ауылында болды. Жедел жәрдемге дабыл түскі сағат 12-де түсіпті. Оқиға орнына жеткен дәрігерлер 63, 51, 43, 28, 20 және 17 жастағы ер адамдардың жүріп кеткенін анықтаған. Әлеуметтік желіде марқұмдардың үшеуі бір отбасының мүшелері екені айтылып жатыр. Ал аман қалған кісіге тиісті медициналық көмек беріліп жатыр екен.
АСҚАР ҒАЗИЗОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ СТАНЦИЯСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
20 шілде күні сағат 12-де Ақтоғай ауданы, Жоламан ауылындағы ЖШС бірінен түсті. Оқиға орнында медицина қызметкерлері 6 ер адамның қаза тапқанын анықтады. Тағы бір ер адам Ақтоғай аудандық ауруханасына жеткізілді.
Қайғылы оқиға облыстық мәслихат депутатына тиесілі сүт фермасының маңында болған деген ақпарат бар. Мұны халық қалаулысының өзі де растады. Әлеуметтік желіде тергеу жүргізіліп жатқанын және қаза тапқандардың жақындарына қажетті көмек көрсетілетінін мәлімдеді. Марқұмдарды тоқ соқты ма, әлде уланып қалды ма, ол жағы тексеріліп жатыр.