Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 5 қаралым

450 мыңға 3 елді аралатамын деп, жұртты алдаған

450 мың теңгеге 3 мемлекетті аралаймыз деп ойлағандар жер сипап қалды. Арам пиғылды алаяққа сеніп, ақшасын санап берген адамдардың біразы ешқайда бара алмады. Ал шетелге шыққандарының өзі далада қалып қоя жаздады. Қайтатын билеті болмай, кісі елінде пұшайман күй кешкен. Жарқ-жұрқ еткен жарнамасымен 80-ге жуық саяхатшының жазғы жоспарын күл-талқан еткен қай туроператор?

Туристік агенттіктің тәтті уәдесіне алданып, опық жегендер жүйкеміз әбден тозып бітті дейді. Бар болғаны 450 мың теңгеге Түркия, Әзірбайжан, Грузияны аралатамыз деген әлеуметтік желіні жарған жарнаманы көргенде, көктен іздегендері жерден табылғандай қуанған. Алғашқы лекпен аттанғандарының елге жетуі мұңға айналған. Әбден шетелге шыққан кезде «Комбо турдың» арты тосын сыйға ұласыпты. Үш ел тұрмақ, біреуінде жарытып дем ала алмаған.

АЙГЕРІМ КЕНЖЕБАЙ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Бізде кризис жағдай, банкрот, сіздерге билет алып бере алмаймыз, басқа елге ұша алмайсыздар, Қазақстанға қайтасыздар деді. Өзі ол кезде Грузияда болған екен. Біз ол кезде шоковый состоянииеде болдық. Ол кезде жылап та, шет елде ақшасыз қалған кісілер де болды осы кісіге сеніп. Бізге үш қызға төрт күннің ішінде билет алып берді. Біз шет елде билетсіз қаңғып қалдық десек те болады.

Туристік компания әлеуметтік желіге көздің жауын алатын видеолар жариялап, саяхатшыларды өздеріне тартып отырыпты. Бұған иланған біраз адам сұраған сомасын беріп отырған. Шамасы келгендер бірден аударса, ақшасы болмағандары несие алып төлепті. Бірақ жеме-жемге келгенде ешқайсысы уәде етілген елдерге бара алмаған. Енді не ақшасын, не жолдамасын ала алмай әлекке түсуде.

ПЕРИЗАТ МҰСАБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

19.07 күні таңертең бе, түнде ме, жазып жіберген. Құрметті туристер, кешіріңіздер, кассовый разрывқа түсіп қалдым. Сіздердің ақшаларыңызды алдыңғы турдың расходын жауып едім, вот сіздерде тур болмайды, апара алмаймын деп айтты. Ақшаларыңызды қайтарамын деді. Содан кейін группа ашылады, осылай алданғандар деп. Ол уже 70-тен астам адам кетті. Жүз бірдеңе адам отыр соның ішінде. Қарап отырсақ, 50 миллионнан аса ол кісі қарыз екен.

ТАЛШЫН АБАЙ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Кеше ұшуымыз керек болған, бүгінге ауыстырған болатын. Содан кейін ол кісі кассовый разрывқа ұшырадым, мен сіздерді турға жібере алмаймын деген сияқты сообщение жазып жібереді. Біз негізі Турция, Грузия, Әзербайжанға баруымыз керек болған. Барған жоқпыз. Негізі барған кісілер бар. Ол кісілер барып, не отельсіз, не ішетін жері жоқ, не қонатын жері жоқ. Ішетін астары жоқ. Солай пешениде қалып кеткен болатын.

Сан соғып қалғандар бір-бірін желі арқылы тауыпты. Алданғандар қатары жүзге жуықтады деп отыр. Онлайн жұмыс істегендіктен компанияның кеңсесі қай жерде екенін де ешкім білмейді. Ақшаларын қайтара алмайтындарын сезген саяхатшылар полицияға шағым түсірген. Күдіктіге аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген айып тағылып, шетелден келген бетте қамауға алыныпты.

САЛТАНАТ ӘЗІРБЕК, ҚАЛАЛЫҚ ПД РЕСМИ ӨКІЛІ:

Күні кеше ол шет мемлекетінен келген сәтте Алматы халықаралық әуежайында ұсталған болатын із кесушілермен. Қазіргі таңда ол Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 132-бабының нормаларына сәйкес, уақытша қамау абақтысына қамалды. Қазіргі таңда қылмыстық іс аясында 80 жуық жәбірленуші бар.

Полиция туристік компанияның әрекетін жіті қазбалап, қажет болса аудиторлық тексеруге дейін жүргізуге бекініп отыр. Егер кінәсі толығымен дәлелденетін болса, жиырмадан енді асқан компания басшысы 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

← Барлық жаңалықтар