Бақандай 35 блогерді казиноның жарнамасына тартқан желі жұлдызы белгілі болды. Қаржылық мониторинг агенттігі «Маха.dxb» бүркеншік атымен танымал Махмуд Хикматовқа халықаралық іздеу жариялады. Ол ойынханаларды заңсыз жарнамалап, насихаттады деген күдікке ілінген. Яғни, құмар ойынды ұйымдастырушылармен ауыз жаласып, аудиториясы ауқымды адамдар жайлы ақпарат беріп отырыпты. Блогерлердің әлеуметтік желідегі парақшаларының статистикасын, соның ішінде жазылушыларының демографиялық және географиялық көрсеткіштерін сұратқан. Жарнама ақысын да сол мәліметтерге қарай үлестіріп отырыпты. Осылайша Қайсар Хамзаны қосқанда 35 блогер жеңіл ақшаның жетегінде іс қылыпты.
ЕРНАР ТАЙЖАН, ҚР ҚМА РЕСМИ ӨКІЛІ:
Қазақстан аумағында интернет-казинолардың заңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасайтын тұрақты жүйе құрылған. Осы жүйе арқылы интернет-казино интерфейсі ұсынылып, ақша қабылдау және төлеу жолға қойылған. Ол үшін эквайринг, мобильді төлемдер мен криптовалюта пайдаланылған. Сондай-ақ ел азаматтарын құмар ойындарға көптеп тарту мақсатында жарнама таратылған. Интернет-казиноларды жарнамалау үшін ұйымдастырушылар блогер М. У. Хикматовты тартқан.