Түркістанда ащы суға тойып алып, 6 адамды көлігімен қаққан мұғалімге үкім шықты. 9 жылға сотталған педагог өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айырылды. Алайда оның кәмелетке толмаған ұлы бар болғаны үшін жазаны өтеуі бір жылға шегерілді.
МАРАТ КҮЗДЕУБАЕВ, СУДЬЯ:
ҚР ҚК 58-бабының 2-бөлігіне сәйкес, онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру арқылы Бибінұр Қасымоваға түпкілікті өмір бойы көлік құралын басқару құқығынан айыра отырып, 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Асырауында жас баласының бар болуына байланысты оған тағайындалған 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы 1 жыл мерзімге кейінге қалдырылсын.
Еске салсақ, оқыс жағдай биыл маусым айында Арыс қаласында болды. Ішімдікке тойып алған 52 жастағы әйел көлігімен үйінің жанында демалып отырған көршілерді қаққан. Салдарынан 6 адамның үшеуі сол жерде тіл тартпай кетті. Марқұмдардың екеуі 5 және 2 жасар бала, тағы біреуі жүкті келіншек еді. Тағы үш адам түрлі жарақатпен ауруханаға түсті. Жұмыстан тыс уақытта такси ретінде жұмыс істейтін мұғалім Бибінұр Қасымова ащы суға жақын екен. Сот шешіміне сәйкес, 52 жастағы әйел жәбірленушілерге 35 миллион теңге моральдық және материалдық шығынды өтеуге тиіс. Алайда жәбірленушілер сотталушыға берілген жазаға да, моральдық шығынға да қанағаттанған жоқ. Сондықтан апелляцияға шағым түсірмек.
АҒАЙША МАНАТОВА, ЖӘБІРЛЕНУШІ:
Менің бір өзімнің үйімнен 3 адам кетіп отыр. Келінім, балам, одан екіқабат кетті деді, өздері тексеріп, өздері айтып отыр неде. Сонда үшеуіне 9 жыл деген аз ғой вообще. Оның өзі аман-есен жүр, дені сау боп, 12 жасар бала деген не ол, қазір менің 4 жасар балам отыр. Күніге жылағанда менің қаным басыма шауып, өзім де ауырып сонымен бірге. Бұл әділеттік қайда? Біз бұған қанағаттанбаймыз.