Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 1 қаралым

Сынған жиһазды өзенге тастаған

Алматы облысында 100 ерікті ауыл маңындағы арықты қоқыстан тазалады. Қолғап киіп, қап ұстағандар Талғар ауданы, Қотырбұлақ ауылының маңында таңсәріден жұмыс істеді. Өңір тұрғындары көп демалатын аумақта тұрмыстық қалдықтар шашылып жатыр. Тіпті өзенге сынған жиһаздарға дейін тасталған. Қоршаған ортаны қорғауға мемлекеттік қызметкерлер мен студенттер белсенді атсалысты.

ДАСТАН АРПАБАЙ, ЕРІКТІ:

Бүгін «Таза Қазақстан» акциясында жүрміз. Көбінесе жинаған қоқыс қалдықтарымыз пластик бөтелкелер, қағаздар, кейбіреуі жиһаздарды да лақтыратындар бар. Көбінесе демалыс орнына келетіндер өзінің артынан өз қоқыстарын жинамай, ағынды суға тастап кетеді.

Талғар ауданында жыл басынан бері «Таза Қазақстан» жобасы аясында 25 сенбілік өткізіліп, 400 тонна қоқыс шығарылған. 57 үйінді түбегейлі жойылыпты. Одан бөлек, 10 мың түп ағаш егіліп, көгалдандыру жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Тазалықты сақтау әр адамның азаматтық парызы, дейді шенеуніктер.

БАУЫРЖАН ҚАШҚЫНБАЕВ, ТАЛҒАР АУДАНЫ, ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Іс-шара негізінде аудан бойынша 14 мыңнан аса адам жұмылдырылды. Оның ішінде өзіміздің мемлекеттік қызметшілеріміз бар, еріктілеріміз бар, ауыл, аудан тұрғындарымыз бар. Қазіргі таңда аудан бойынша бұл «Таза Қазақстанның» көрсетіп жатқан жетістігі, беріп жатқан жақсы нәтижесі, жұмыс атқарылып жатыр.

← Барлық жаңалықтар