Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 8 қаралым

Депутат жұмыссыз жастардың болашағына алаңдаулы

Елімізде жұмыс істемейтін не оқымайтын 15 пен 34 жас аралығындағы жастар саны бес пайыздан асады.

Құрылтай депутаты Дидарбек Ділдәбек осындай жандардың болашағына алаңдаулы. Оның сөзінше, уақытша немесе жасырын түрде жұмыссыз жүрген 300 мыңдай жас бар екен. Әрі олар деструктивті қатерлерге бейім ең осал орта болып келеді. Ал соларға бағыт-бағдар беретін ресурстық орталықтардың жұмысы тек қала деңгейінде шектеліп қалған, белсенді топтардың арасында ғана танымал. Сондықтан халық қалаулысы мұндай ұйымдар тек іс-шара өткізумен шектелмей, нақты нәтиже үшін жұмыс істеуі қажет деп отыр. Тіпті сондай кештерге шашылатын ақшаға да шектеу қойылуы қажет екенін айтты.

Дидарбек Ділдәбек, ҚР Құрылтайының депутаты:

Жастар ресурстық орталығының жұмысын өткізілген іс-шаралар саны арқылы емес, нақты тұрақты жұмысқа орналасқан немесе қысқа мерзімді курстарда сұранысқа ие мамандық алып шыққан азаматтар саны арқылы бағалауды ұсынамын. Құзырлы министрліктерге «Smart Data Ukimet» жүйесінде автоматты алгоритмді енгізу қажет. Ол үшін 15–35 жас аралығындағы азамат оқудан шыққан немесе зейнетақы жарнасы түспеген сәтте, оған eGov Mobile арқылы атаулы SMS-ұсыныс жіберілуі тиіс. Төртінші, жергілікті бюджеттен имидждік форумдар мен акцияларға жұмсалатын шығындарға мораторий енгізіп, үнемделген қаражатты ауылдық және аудандық деңгейдегі Жастар ресурстық орталығы инспекторларының жалақысын көтеруге бағыттауды ұсынамын.

Маржан Нүсіпбек

← Барлық жаңалықтар