Слайм, сквиш, дамплиң. Бұл ойыншықтар қазір жасөспірімдер арасында өте танымал. Трендке айналған. Үйде де, түзде де ойнап жүр. Бірақ оның денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін екенін білесіз бе?
МАРЖАН НҮСІПБЕК, ТІЛШІ:
Бір қарағанда қолға жұмсақ, қалай мыжғыласаң да қалпына тез келе қоятын бұл ойыншық бала біткеннің бәріне ұнайды. Нан илегендей олай да бұлай да ермек қылуға болады. Бірақ кейінгі кезде дәл осы бұйымнан бүлдіршіндер зардап шегетін болған.
Әлеуметтік желіде тараған бұл видеода кейіпкер дәрігерге баласының слаймға күйіп қалғанын айтып, қапаланады. Балақайдың қолдарының терісі аршылып, көлдіреп кеткен. Ал тараздық Данагүлдің қызы сквиш деген ойыншыққа оңбай күйген. Қазір денесінде іздері қалып қойыпты.
ДАНАГҮЛ ҚАЙРАНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
YouTube Shorts-тан неше түрлі видеолар қарап, сол жерде айтылған нәрсені жасаған. Олар алып, сол сквишті мұздатқышқа салған. Ол мұздағаннан кейін, оны микротолқынды пешке салған. Содан алып шыққанда ішіндегі сұйықтығы қолына, аяғына төгілген.
Сөйтсек, бұл тек Данагүлдің отбасындағы жағдай емес екен. Келіншек басынан өткен оқиғаны парақшасында баяндаған сәтте зардап шеккендер жан-жақтан жазған.
ДАНАГҮЛ ҚАЙРАНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Қазақстандықтар да, ресейліктер де жаза бастады. Ондай жағдай көп болғанын сол жерде көрдім. Оларда сквиш жай ғана ағып кетпеген. Бүйтіп жарылғанын айтты.
Сондағысы ұл-қыздар желідегі түрлі видеоларды қайталап, аталған ойыншықтардан эксперимент жасайды. Әсіресе бұған көбіне есейіп қалған жеткіншектер құмар келеді екен.
САЯЖАН ТӨЛЕГЕНОВА, ПСИХОЛОГ:
Олар өзінің достарының, қатарластарының осындай тренд видеолар түсіріп жатқанын, музыкамен әрленгенін, қызықты, көңілді әрі оңай екенін көреді. Сөйтіп «маған да неге түсіріп көрмеске?!» деген ой пайда болады. Ал бұл қысқа мерзімді дофаминнің бөлінуіне ықпал етеді. Лайк жинайды, достарының бөліскенін көреді. Соны қызық көреді.
Бірақ салдарын көпшілігі біле бермейді. Өйткені қызық көрген дүние қиындық тудыруы ғажап емес.
ЖІБЕК БАҚТЫҒАЛИҚЫЗЫ, ПЕДИАТР:
Баланың денсаулығы тікелей күнде қандай ойыншықпен ойнайтынына байланысты. Сондықтан сіз ойыншық алардың алдында ойлану қажет, ол балаға қалай әсер етуі мүмкін? Ол балаға қажет пе? Зиян келтірмей ме? Сквиштің құрамы белгісіз. Бірақ оның құрамында бор қышқылы бар негізі. Аллергик балалар болады, дерматиті бар балалар болады. Олардың денесі сезімтал болады. Сондықтан оларда сондай реакция болуы мүмкін.
Десек те елімізде осындай заттардан зиян шеккен балалардың нақты статистикасы жоқ екен. Белгілісі, биыл елімізде 5000-ға тарта ойыншыққа санитарлық тексеріс жүргізіліпті.
ЖАСҰЛАН АЛПЫСБАЕВ, ҚР ДСМ САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:
Оның 63 пайызы заң талаптарына сай болмай шықты. Маркировкасы дейміз, санитарлық-химиялық көрсеткіштерге сәйкес келмеуі, токсикологиялық, гигиеналық көрсеткіштерге сәйкес келмеуі бойынша бұзушылықтар анықталды. Сол бойынша елімізде 141 келіден астамы айналымнан алынып, өндірушілеріне қайтарылып берілді.
Дегенмен мамандар барлық ойыншықты қадағалау мүмкін емес екенін айтады. Елге кіру де, сатылу жолы да сан алуан. Сондықтан ата-аналар қауіпсіздік үшін өнімді тек сенімді дүкендерден, құрамын көріп-біліп барып алғаны жөн дейді.