Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 8 қаралым

Сергелдеңге салған «страховка»

Көлігің болмаса бір қайғы, болса мың қайғы. Елімізде сақтандыру полисінің қымбаттауы темір тұлпар тізгіндеген жұртты сергелдеңге салып қойды. Құны шарықтаған бір параққа қол жеткізе алмай шырылдап жүргендер көп. Ал қызмет көрсетушілер болса, баға бәз-қалпында, ештеңе өзгерген жоқ деп ат-тонын ала қашып отыр. Сонда кімдікі дұрыс?

БЕРДІБЕК ҚАРЫНБАЙ, АРНАЙЫ ТІЛШІ:

Күйбең тірлікпен алып шаһарда алып-ұшып жүретін біз алдымыздан қандай кедергі шығарын алдын ала болжай алмаймыз. Жол үстіндегі қас қағым сәт күтпеген қауіпке айналуы мүмкін. Әрине, мұндайдың бетін әрі қылсын. Бірақ егер жол апаты болса, материалдық шығынды өтеп, тығырықтан шығаратын жалғыз құжат – сақтандыру полисі. Алайда биыл бір жапырақ қағаздың құны айтарлықтай өскен. Оның қаншалықты қымбаттағанын жүргізушілердің өзінен сұрайық.

Осылайша, темір тұлпар тізгіндегендер тарифтің өсуі қалтамызды қақты деп отыр. Класы төмендер мен куәлігін енді алғандар үшін баға одан да жоғары. Сонда сақтандыру құнының аспандауына не себеп? Автосарапшы Санат Нұрбайдың айтуынша, қызмет көрсетудің онлайн жүйеге ауысуы пысықайлардың оң жамбасына келді.

САНАТ НҰРБАЙ, АВТОСАРАПШЫ:

Ортада делдалдар, менеджерлер бар. Тікелей өзімен жұмыс жасай алмайсың. Оның сыртында брокерлік комиссия қойып қойған. Осының барлығы бағаға әсер етіп жатыр. Халықтың қалтасынан ұрып жатыр. Көлік көп болғаннан кейін, жол-көлік оқиғасы жиі болады. Жиі болғаннан кейін, ол сақтандыру компанияларының қалтасын ұрып жібергеннен кейін, тіпті сақтандыру бағасын қымбаттатпақ түгілі, тәжірибесі жоқ, жаңадан жүргізуші куәлігін алып жатқан адамдарға бағаны өсіріп жіберді.

Қазір елімізде 20-дан аса сақтандыру компаниясы ресми түрде қызмет көрсетеді. Олардың басын қосқан қауымдастық басшысы «полис қымбаттады» деген пайыммен келіспейді. Брокерлердің де көмегіне мұқтаж емеспіз, дейді.

ВИТАЛИЙ ВЕРЁВКИН, ҚАЗАҚСТАН САҚТАНДЫРУШЫЛАР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Мұндай жағдай азаматтардың ресми емес сақтандырушылардың брокер қызметіне жүгінуінен туындауы ықтимал. Ондайда сақтандырушы маманның қызмет ақысы да қосылады. Ал егер жүргізуші көлік тізгінін енді қолға алған болса немесе бонус-малус жүйесі бойынша тәуекел деңгейі жоғары болса, сәйкесінше, құны жоғары болады. Бұл дегеніңіз – адамның осыған дейін бірнеше рет жол-көлік оқиғасына себепкер болғанын білдіреді. Ал сақтандыру тарифіне келер болсақ, ол айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ғана белгіленеді.

Дегенмен қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ақпаратынша, биыл сақтандыру полисінің бағасы шамамен 14 пайызға өскен. Орта есеппен бұл 24 мың теңгеге жуықтайды. Бірақ құны әр жүргізуші үшін жеке есептеледі. Оның тиімділігін арттыру үшін елімізде «Сақтандыру нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі» бағдарламасы мен арнайы заң жобасы әзірленіп жатқан көрінеді. Онда тарифті әділ есептеудің тетігі де ескеріледі деп сендірді ведомство өкілі.

СЕРІКБОСЫН ТӨЛЕУБЕКОВ, ҚР ҚАРЖЫ НАРЫҒЫН РЕТТЕУ ЖӘНЕ ДАМЫТУ АГЕНТТІГІНІҢ ДЕПАРТАМЕНТ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бекітілген тарифтік дәліз сақтандыру құнының күрт әрі негізсіз өсуін шектейді. Агенттік тарапынан скорингтік модельдерге қойылатын талаптар белгіленетін болады. Олар бірыңғай сақтандыру дерекқоры мен мемлекеттік базадан алынатын ақпаратты, соның ішінде шығындар тарихын, жүргізу стилін, жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілерін, жүргізушінің жасы мен өтілін, сонымен қатар автокөліктің жүрілген жолы, пайдалану режимі мен аймағы сияқты сипаттамаларын ескеретін болады.

БЕРДІБЕК ҚАРЫНБАЙ, АРНАЙЫ ТІЛШІ:

Демек, көшеде қауіп тудырмайтын, жол апатын болдырмайтын жүргізушілердің ұпайы түгел. Полистің бағасы да төмен болады. Рөлде отырған әрқайсымыз өзіміздің де, өзгенің де қауіпсіздігіне жауаптымыз. Сондықтан тек сақтансаң ғана сақтайтынын естен шығармайық.

← Барлық жаңалықтар