Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 5 қаралым

Миллион кімге бұйырады?

Ақтөбеде миллион теңгеден үлестіріп жатыр. Бірақ көрінгеннің қолына ұстата салмайды. Өйткені қомақты қаржының сұрауы бар. Ақшаны алдым, қалтаға бастым деуге де жол жоқ. Сонда ірі соманы алу үшін не істеу керек? Миллион кімге бұйырды?

«Тәуелсіздік ұрпақтары» деген грантты жеңіп алғандардың бірі – Ерәмір Сафин. Балмұздақ көп, бірақ қантсыз тәтті шығарып жатқандар сирек болғасын ба, Ерәмірдің жобасын комиссия мақұлдапты. Мемлекеттің берген бір миллион үш жүз мың теңгесіне құрал-жабдық, балмұздақ жасауға керек-жарақты алған. Әрі Ерәмір бұл салаға кездейсоқ келген адам емес. Он жыл шеф-аспаз болған.

Адам «басқа түссе – баспақшыл». Дүкенге барған сайын әр тәттінің құрамындағы қант мөлшері туралы ақпаратты анықтау, кейде дәмін татқың келетін затты таппай, қынжылған кездерім болды дейді Ерәмір. Табиғи қоспалардан, қантсыз балмұздақ жасап, оны бизнеске айналдыру туралы идея сол кезде туындаған.

ЕРӘМІР САФИН, КӘСІПКЕР:

Қант диабетімен он шақты жылдай болып қалды ауырып жүргеніме. Магазиндерге, супермаркеттерге барған кезде өзіме тәтті жегім келеді, не болса да. Іздеп едім өзіме, печенье болсын, магазиндерде обычно стандарттық базалық линейка. Бір рет мороженое жасадық, қауынмен. Коллегаларыма ұсындым, солар жеп бастады.

«Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты жастарды қолдауға арналған. Мақсаты – белсенді, шығармашылыққа бейім, тың идея авторларын қолдау. Талап бойынша тек осы өңірдің жастары ғана бағын сынай алады. Жыл сайын 6 номинация бойынша 20 жобаны мақұлдап, әрқайсысына 1 млн 300 мың теңгеден үлестіреді.

МӘДИ КЕМЕШОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЖАСТАР САЯСАТЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:

Бұл жоба 2023 жылы алғаш жүзеге асты. Ол кезде 300 мыңнан қолдау есебінде бөлінді. Өткен жылы 1 млн 300 мың теңгеге дейін бердік. Ақтөбе облысының жастары бірнеше жобалар жүзеге асыруда.

Ерәмір тек балмұздақ жасаумен шектеліп қалмай, дұрыс тамақтануды қолға алғандарға арнап шырын, түрлі жемістен пасталар жасауды қолға алмақшы. Жалпы, грантты иеленгендер басқармадағыларға кәсібі туралы тоқсан сайын баяндап, есеп беріп отырады.

← Барлық жаңалықтар