Елімізде апатты үйлердің мәселесі әлі де өзекті. Қазір қауіпті деп танылған 1037 көпқабатты ғимарат бар екен. Бұдан бөлек, 3 369 үйдің тозығы жетсе, 14 673 нысан күрделі жөндеуді қажет етеді. Бұл туралы Kazinform агенттігі Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне сілтеме жасап хабарлады. Ресми органның дерегінше, Қазақстанда 61 367 көппәтерлі нысан бар. Оның ішінде қауіпті үйлердің саны бойынша Атырау облысы көш бастап тұр. Мұнда 201 ғимарат тіркелген. Астана қаласы екінші сатыда, яғни 158 үй. Батыс Қазақстан облысында 73 ғимарат қауіпті деп танылған. Айта кетейік, Қазақстанда жалғыз баспанасы апатты деп танылған азаматтарға тұрғын үй бөлуге қатысты өзгеріс енгізілген. Енді жергілікті бюджет есебінен салынған немесе сатып алынған баспананы бөлу мәселесін әкімдіктер қарайды.