Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 10 қаралым

Әскерилер Каспийге батып кетті

Бейбіт күнде бір топ отан қорғаушыдан айырылып қалдық. Каспийдің жағалауын күзеткен жас сарбаздар теңіздің тұңғиығына кетіп, қаза тапты. Қабырғаны қайыстырған жағдай тапа-тал түсте әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде болған. Жауынгерлік міндеттерді орындау барысында кенет жел күшейіп, кемедегілерді асау толқын ашық айдынға тартып әкеткен. Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, сол сәтте су көлігінде 19 адам болыпты. Біразының мәйіті табылды. Аман қалғандар да бар.

ҚР ҚОРҒАНЫС МИНИСТРЛІГІНІҢ РЕСМИ ХАБАРЛАМАСЫНАН:

Үш әскери қызметші құтқарылды, олардың біреуі ауруханаға жатқызылды. Қалғандарын іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Оқиға орнына құтқару қызметтерінің күштері мен құралдары дереу жіберілді. Іздестіру-құтқару жұмыстарына Әскери-теңіз күштерінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері, авиация және басқа да тиісті қызметтер жұмылдырылды. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі қаза болған әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады. Қаза болғандардың отбасыларына қажетті барлық көмек пен қолдау көрсетіледі.

Қайғылы жағдайға байланысты Премьер-министрдің тапсырмасымен Үкіметтік комиссия құрылды. Оның құрамына Қорғаныс министрі, Маңғыстау облысының әкімі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Төтенше жағдайлар, Денсаулық сақтау, Көлік министрліктерінің басшылығы, Бас әскери прокурор, Шекара қызметінің өкілдері бар.

Олжас Бектенов орынбасары Қанат Бозымбаевқа шұғыл оқиға орнына барып, жағдайдың себептерін жан-жақты тергеуді қамтамасыз етуді, қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсету жұмыстарына қызу кірісуді тапсырды. Аталған жағдайға байланысты Бас прокуратура қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

← Барлық жаңалықтар