Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 8 қаралым

Шырақбайұлы, шырағымды жағып бер!

Шырақбайұлы, шырағымды жағып бер! Таразда таунхаустан үй алған тұрғындар облыс басшысынан көмек сұрап, қас қарайғанда әкімдік алдына жиналды. Айтуларынша, комфорт санатындағы үйлерде электр жарығы жиі сөніп, жұртты әбден әбігерге салған. Бұл жолы жарық бір жарым тәулік бойы жанбапты. Салдарынан тоңазытқыштағы етке дейін иістене бастаған. Сондай-ақ әлеумет электр энергиясының қымбат тарифіне шағынды. Жұрт жарнамасы жер жарған баспананы жеке тұлға болып сатып алғанымызбен, тоққа келгенде төлемді заңды тұлға ретінде жасаймыз дейді. Ай сайын әр үй электр энергиясына 50-60 мың теңгеге дейін береді екен.

КЕҢЕСКҮЛ АЯПОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Комфорт үйде отырамыз деп, комфорттан шығып отырмыз міне. Жеке тұлға ретінде ол үйді сатып алғанбыз. Ал біздің тоғымызға келгенде бізге заңды тұлға, «юридическое лицо» қылып төлетіп жатыр. Ал енді қарап отырсақ, сол қымбат тоқтың өзіне зар болып тұрмыз.

Жергілікті биліктің мәліметінше, жеке кәсіпкер таунхаустарды электр желісімен қамтамасыз ету үшін үш қосалқы станса орнатқан. Енді оларды жарыққа жауапты мекеменің балансына өткізбек болғанда, бірнеше кемшілік анықталыпты. Бағаналар мен электр желілері техникалық талаптарға сәйкес келмеген. Сол себепті нысанды мекеме теңгеріміне қабылдай алмай отыр екен. Ал электр энергиясының ажыратылуын билік кәсіпкердің берешегімен байланыстырады.

ДИАС ӘЖІМАН, ЖІБЕК ЖОЛЫ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бұл жердегі Тараз қалалық электр желілері біздегі «Бизнес Сити» ЖШС-не тиісті нұсқамалар берген. Сол нұсқамаларды толық орындап бітпейінше, оны теңгерімге алу мүмкін болмай тұрғанын хабарлады. Берілген ескертулер орындалып бітпейінше, қазіргі осындай жағдайда қалады.

← Барлық жаңалықтар