Болсаң, Романдай бол! Ақтөбелік қарапайым автослесарьдің жасап жүргені — көпке үлгі боларлық іс. Бәлкім біреулерді ұялтып, енді біреулерге ой салып, жігерлендірер?! Ендеше көпбалалы отбасы елді елең еткізетіндей не тындырды?
Роман мен Маринаның ұл-қызының осалы жоқ. Ольгасы мен Анастасиясы қобызда, Артем мен Сергей домбырада ойнайды. Нырковтардың қазақ тілін үйренсек деген ынтасы дәл осы ұлттық аспаптарға деген қызығушылықтан басталған. Отбасында өзгелерге қарағанда қазақшаға «судайы» — Марина. Ауылдағы көрші-қолаңның балаларымен ойнап жүріп үйреніпті.
МАРИНА НЫРКОВА, АНАСЫ:
Мен «переводчик» болдым ғой. Бірінші ол айтатын, жұмысқа адамдар келіп, хабарласқанда «переведи», «переведи» дейтін маған. Сосын, сен қазақша білесің ғой, үйренейік деді. Мен өзім қазақпын ғой, Қазақстанда тұрамын, вообще, қазақ елі – менің «родной» елім ғой.
Ақтөбеде туып-өскен Роман бұрыннан қазақша үйренгісі келген екен. Бірақ орта болмаған соң, біраз қиналдым дейді. Тіпті арнайы тіл үйрету сабағына да қатысқан. Қазір «нан сұрайтындай» қазақшасы бар. Үйде балаларымен тек қазақша сөйлесуге тырысады. Оған аптасына бір мәрте барлығы қатысатын онлайн дәрісті қосыңыз.
РОМАН НЫРКОВ, ӘКЕСІ:
98 жылы мен қазақ тілін тегін үйрететін курсқа қатыстым. Мемлекет деген тілді үйренем деген адамға барлық жағдайды жасап қойған ғой. Тек жалқаулар мен енжарлар ғана үйрене алмайтын шығар. Мен, мысалы, балаларыммен бірге үйрене бастағалы нәтижені көріп жүрмін. Қызым, мысалы, менің жұмысыма келгенде бәрімен қазақша әп-әдемі сөйлеседі. Дүкенде, көшеде өзгелерден мақтау естіген сайын жігерленеміз.
Роман балаларды мемлекеттік тілдегі балабақша, мектепалды даярлық тобына беріп көргенімен, біраз қиналыпты. Сонан соң музыка мектебіне, спорт үйірмесіне тіркейді. Ол жердегі жаттықтырушы, ұстаздарының бәрі таза қазақ тілінде сөйлегені сеп болды деп отыр.
АРТЁМ НЫРКОВ:
Мен үш жыл домбыра тыңдаймын, конкурстарға да домбырамен қатыстым. Мен «Шалқыма», «Нәр ағашы», «Жастар биін» ойнаймын. Саған ұнай ма домбырада ойнаған? Иә.
ОЛЬГА НЫРКОВА:
Мен он төрттемін. Үш жыл болды қобыз тартамын. Мен сегізінші сыныпта оқимын, қазақ тілін папаммен үйрендім. Қазақ тілін дүкенде, адамдармен сөйлескенде қолданамын.
Қазір мектептегі бірде-бір шара Нырковтарсыз өтпейді. Роман мен Марина ең белсенді ата-аналардың бірі. Жүрген жерінде ұлттық киім, музыканы насихаттап жүреді. Ұл-қызы спорт, өнер додасынан үнемі топ жарып жүр. Мұның барлығы ата-ана үшін үлкен қуаныш. Қазақша сөйлеп, ойлай алатын адам табысты болатынын түсіндік дейді олар.