Мазмұнға өту
· 15 қаралым

Екібастұз тұрғындары тұншығып отыр

Жарты жыл бойы тозаңнан танауы бітелген екібастұздықтар енді түтінге тұншығып отыр. Кешелі-бері көмірдің күлі тұрғындардың тынысын тарылтып, өмірін қиындатып жіберген. Ел-жұрттың шағымынан кейін Экология департаменті әуелі тамызда тексеріс жүргізіпті. Сөйтіп үш бірдей көмір кенішінен өздігінен тұтанған өрт ошақтарын анықтаған. Оның екеуінің көзін жойған. Ал үшінші разъезде қара отынның алауы ақпаннан бері басылмапты. Мамандар кәсіпорынды сотқа беріп, экологиялық рұқсатын тартып алуды талап еткен. Ол аздай жылу электр станциясында да өнеркәсіптік қалдықтар бар екен. Мұнда да экологтар дабыл қаққаннан кейін 140 миллион теңге айыппұл салынған.

ЖОМАРТ КӘРІМОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Кәсіпорын біздің шешімімізбен келіспей, материалдарды сотқа беруді сұрады. Кеше сегіз материалдың біріншісі қаралды. Бірінші айыппұл бойынша сот шешімі біздің пайдамызға шықты. Судья 1,5 миллион теңге көлемінде айыппұл салу туралы үкім шығарды.

Ал күлдің ұшқынын көргеннен кейін тұрғындар тағы тулады. Бірден жауаптыларға назын айтып, станцияны жіті тексеруді сұраған. Алайда ағайын сенген мамандар кәсіпорынның есігінен де кіре алмаған көрінеді. «Тексеру керек» деген шешімімен келіспейміз деген қарсы тарап сотқа шағымданамыз деп жоқ көрсетіпті.

← Барлық жаңалықтар