Жасанды интеллект ұстаздардың жұмысын жеңілдетеді. Жаңа технология мұғалімдерді артық жүктемеден арылтып, тәлімгерлікке ден қоюға мүмкіндік береді, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сондықтан нейрожеліні орта білім беру жүйесіне жоспарлы түрде енгізу үдерісі басталған. Қыркүйекте Оқу-ағарту министрлігі салада жасанды интеллектіні қолдану стандартын бекіткен еді. Өйткені өркениет пен білім салтанат құрған дәуірде өнегелі істермен айналысатын азаматтарды тәрбиелеп шығару маңызды міндет.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Қалада немесе шалғай ауылда орналасқанына қарамастан, еліміздегі барлық мектеп озық әдістеме мен цифрлық платформаға қол жеткізеді. Бастама жақсы. Жұмыс дұрыс бағытта жүріп жатыр. Халықаралық PISA-2025 зерттеуінің нәтижесі бойынша мектептеріміздің цифрлық дайындық деңгейі Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше мемлекеттердің орташа көрсеткішінен асты. Алайда бұл жолдың басы ғана, тоқмейілсуге себеп емес. Алда ауқымды жұмыс күтіп тұр.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы озық технология дәуірінде кітап оқудың да мән-маңызын арттыруды жеткізді. Өйткені түрлі туындылар жастарды ақпарат тасқынына жұтылып кетуден сақтайтын рухани қалқан. Ол азаматтарды жанашырлық пен еңбекқорлыққа баулиды. Сөз соңында Президент «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» жарлыққа қол қойғанын атап өтті.