Мазмұнға өту
· 19 қаралым

Ұстаз еңбегі — ұлт болашағы

Ұстаздар бүгін Ақордаға жиналды. Еліміздегі төрт миллион оқушының болашағы үшін елеңдеп, оларды біліммен сусындатқан педагогтерді Президент кәсіби мерекесімен құттықтап, мемлекеттік награда берді. Арасында ұлы мамандыққа ата-бабасынан бастап адал болып келе жатқан жандар бар.

Ақордада Мемлекет басшысы ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтап, білім саласының бірқатар өкілін мемлекеттік наградалармен марапаттады. Бұл — шәкірт тәрбиесіне ғұмырын арнап, елдің ертеңіне еңбек сіңірген жандарға көрсетілген құрмет.

ҚЫРМЫЗЫ ЖАНДОС, ТІЛШІ:

Ұстаздың еңбегі күн сайын қоңыраумен басталғанымен, сабақ біткенде аяқталмайды. Ол шәкіртінің бойына білім дәнін сеуіп қана қоймай, әр баланың жүрегіне жол табуға тырысады. Бүгін Мемлекет басшысының қолынан марапат алған педагогтер — осы жауапкершілікті абыроймен арқалап жүрген жандар.

Ұстазға құрмет — білімге, ал білімге құрмет — елдің келешегіне құрмет. Мемлекет басшысы өз сөзінде экономиканың дамуы білім мен ғылымның деңгейіне тәуелді екенін атап өтті. Қазақстанда төрт миллионнан астам оқушы бар. Демек олардың сапалы білім алып, қауіпсіз ортада тәрбиеленуіне жағдай жасау — ел болашағына салынған инвестиция.

Жаңа мектеп пен заманауи оқу құралдары — білім сапасын арттыруға жасалған жағдай. Ал сол мүмкіндікті шәкірттің талабымен ұштастыратын — ұстаз. Математика пәнінің мұғалімі Ахметжан Садықов ұстаздар әулетінен шыққан. Ол үшін шәкірт тәрбиелеу — отбасынан жалғасқан аманат.

АХМЕТЖАН САДЫҚОВ, МАТЕМАТИКА ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ:

Енді біз мұғалімдер династиясымыз. Ұстаздық өтіліміз 270 жылдан асып кетті. Біздің барлығымыз, 7-8 адам, бәріміз математика пәнінің мұғаліміміз. Үш ұлым бар, олар да математикадан сабақ береді. Барша әріптестерімді бүгінгі кәсіби мерекесімен құттықтаймын.

Ұстаз жаққан білім шырағы шәкірттің жетістігімен жарқырайды. Сол жарық талай жастың жолын ашып, елдің ертеңіне бағыт береді. Сондықтан ұстаз еңбегін ұлықтау — бір күндік құрмет емес, ұрпақ болашағына жасалған қамқорлық.

← Барлық жаңалықтар