Мазмұнға өту
· 9 қаралым

Әлем жаңалықтары

Зумерлер қарап қалмайды. Ұлыбританиядағы мейрамханалардың бірінде бастығынан ұрыс естіген жас даяшы соттан қомақты қаржы өндіріп алды. Ол еңбек кодексіне сәйкес, өзінің нәсіліне, жеке басына тиіскен адамның үстінен арыз түсіріпті. Істі мұқият қараған Шотландияның әкімшілік соты зумер-даяшының пайдасына шешім шығарды. Енді мейрамхана өкілдері бойжеткенге 7 млн теңге моральдық шығын төлеуі тиіс. Жаһандағы өзге де оқиғалар келесі топтамада.

АУА ЛАСТАНДЫ

Индонезияда бірнеше аптадан бері орман өрті өршіп тұр. Осының кесірінен экологияға орасан зиян келіп жатыр. Тіпті қою қара түтіннен елді мекендерде білім ордалары уақытша жабылып, тұрғындарға далаға шықпауға кеңес берілді. Ал ауаның ластануынан аймақта жедел респираторлы вирус өршіп, халық жаппай ауыра бастады. Аралды мемлекет билігі тұрғындарға жағдай жасау үшін қала көшелеріне арнайы оттегімен жабдықталған автобустар шығарды. Қоғамдық көлікке отырғандар маска арқылы таза ауа жұта алады. Негізінен, көк түтін Суматра және Борнео аралдарының халқына қиындық келтіріп жатыр. Сондай-ақ өңірде қауіпсіздікке байланысты ондаған әуе рейстері кейінге шегерілді. Ал өрттің зардабын көрші Шығыс Тимор мемлекетінің халқы да көріп отыр.

СОҒЫСҚА ДАЙЫНДАЛЫП ЖАТЫР

Пхеньян ата жаулары Оңтүстік Кореямен соғысуға дайын сияқты. Себебі Солтүстік Корея жауынгерлері демилитаризацияланған аймаққа зеңбіректерді орнатып, Кимпхо қаласын атқылау үшін тек пәрмен күтіп отыр. Ал бұл көрініске Оңтүстік Корея тұсынан шекараға арнайы барған туристер куә болды. Өйткені ресми Сеул ені 4 шақырымды құрайтын жерді шетелдіктер қыдыратын орынға айналдырып, үлкен дүрбілер орнатқан. Ал Пхеньян тарапы тәулік бойы шекарада кезекшілік жасайды екен. Айта кету керек, екі ел арасындағы жағдай өткен аптадан бастап ушығып кетті. Ресми Пхеньян БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне арнайы хат жолдапты. Солтүстік Корея Сеулдің сарбаздарының өлімі әдейі ұйымдастырылған шара деп есептейді.

ЗАМАНАУИ ҚАЛА ТҰРҒЫЗДЫ

Қытай билігі заманауи қала тұрғызды. Сюньань шаһарында ортақ жерасты инженерлік желілері салынды. Енді мамандар инфрақұрылымдардың әрқайсысының жағдайын онлайн бақылай алады. Ал қаланы жобалау барысында инженерлер ең алдымен жер астындағы қондырғыларға баса мән берген екен. Мәселен, бір қаланың коммуникация желілері ортақ тоннельде орналасқан. Бүкіл құбырлардың жалпы ұзындығы 106 шақырымды құрайды. Ал жылу немесе ауыз сумен проблема болған сәтте мамандар енді жолды қопарып, желілерді жөндемейді. Барлық шаруа тек компьютер арқылы тындырылады. Айта кету керек, Сюньань қаласының іргетасы Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің бастамасымен 2017 жылы қаланды. Хэбэй провинциясына қарайтын шаһарда 1 млн 200 мыңнан астам халық тұрады.

ӘСКЕР ЖІБЕРДІ

Африкадағы елдерге түрлі қарулы топтар тыныштық беретін емес. Онсыз да экономикасы шатқаяқтап, халқы аштықтан бас көтере алмай жатқан Нигер де азаматтық соғыстың сәл-ақ алдында тұр. Аймаққа құрлықтың жан-жағынан көмекке жасақтар келіп жатыр. Бұл жолы Орталық Африкаға Алжир билігі қарулы күштерін жіберді. Себебі қос мемлекеттің энергетикалық ортақ жобалары бар екен. Олар маңызды нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуі қажет. Сондай-ақ сарбаздар елде бейбітшілік орнатуға барады. Бітімгерлік топ Ниамейдегі жағдай тұрақталғанша арнайы тапсырмаларды орындайды. Ал Нигерге нақты қанша сарбаз аттанатыны әлі белгісіз.

← Барлық жаңалықтар