Әлемдегі өзге де ақпараттар.
Ел астанасы малға толып жатыр. Біздің емес, құдай сақтасын, Испанияның. Онда қазір дәстүрлі қой фестивалі өтуде. Трансуманс деп аталатын ұлттық шара аясында елдегі фермерлер ұсақ малды жыл сайын ел астанасына айдап әкеледі. Сөйтіп, көше-көшенің бәріне қой толады.
Биыл да көлік қозғалысы мүлде тоқтап, машиналардың орнында маңыраған марқалар қаптап кетті. 25 қазанда біз Республика күнін атап өтіп жатқанда, Пиреней түбегінің орталығы осылайша 33-рет қой фестивалін өткізді. Екі күнге созылатын іс-шарадан соң қаланың коммуналдық мекемелері жаппай тазалау жұмыстарына кіріседі.
Шіркеудегі атыс. Иорданиядағы шіркеулердің біріне белгісіз топ шабуыл жасады. Басынан бақайшағына дейін қаруланған күдіктілер дәл жерлеу рәсімі жүріп жатқан сәтте құлшылық үйіне басып кірген. Оқыс оқиғадан 7 адам қаза болды. Тағы 34 тұрғын дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді.
Шіркеу корольдіктің батысындағы Эль-Карак қаласында орналасқан. Жергілікті билік атыс туралы хабар алған бетте оқиға орнына арнайы күштік құрылымдардың сарбаздарын жіберген. Куәгерлердің сөзінше, қылмыскерлер бейбіт тұрғындарды бірнеше минут бойы атқылаған. Хашимит Корольдігінің билігі аталған дерекке теракт деп баға берді. Аймақта төтенше жағдай жарияланды.
Тағы бірігуі мүмкін. Таяу Шығыстағы жағдай күннен-күнге ушығып барады. The New York Times басылымының мәліметінше, АҚШ пен Израиль Иранға жаңа әскери соққы жасаудың нақты жоспарын әзірлеп жатыр. Ол Америкадағы аралық сайлаудан кейін іске асуы мүмкін.
Жоспар бойынша, қос мемлекет Иранның энергетикалық, ядролық нысандары мен зымыран қоймаларына жойқын шабуыл жасамақ. Алайда Дональд Трамптың бұл қадамға қатысты ойы әзірге белгісіз. Сонымен қатар америкалық БАҚ өкілдері АҚШ-тың Иордания, Қатар және Кувейттегі әскер санын құпия түрде азайтып жатқанын хабарлады. Бұған Иран мен йемендік хуситтер тарапынан төнген тікелей қауіп себеп болған көрінеді.
Хуситтер тыным табар емес. Иранның қолдауына ие йемендік хуситтер Сауд Арабиясының бірнеше стратегиялық нысанына шабуыл жасағанын мәлімдеді. Соққы Эр-Риядтағы Қорғаныс министрлігіне, Янбудағы Saudi Aramco мұнай компаниясының нысандарына және Даммамдағы халықаралық әуежайға бағытталған.
Жалпы, осы айда хуситтердің әскери, энергетикалық және азаматтық инфрақұрылымдарға жасаған соққыларынан корольдікте кемі 18 адам қаза тауып, жүздеген тұрғын жараланды. Ал шығынға батқан Saudi Aramco мұнай алыбы өзге елдермен серіктестік орнатып, стратегиялық қорын ұлғайтуды көздеп отыр. Өйткені соғыс аяқталғаннан кейін қара алтынға деген сұраныс күніне 3 миллион баррельге дейін өседі деген болжам бар. Дегенмен компания өкілдері қазіргі жағдайдың энергетика нарығына орасан зор нұқсан келтіргенін жасырмайды.
58 адам қаза болды. Нигерияның Тараба штатындағы елді мекендерге қарулы топтар шабуыл жасады. Оқыс оқиғадан 58 бейбіт тұрғын қаза тапты. Десе де, марқұмдардың мәйітін полиция әлі таба алмай жатыр екен. Жараланғандарды ауруханаға жеткізудің өзі мұң болған көрінеді, себебі қарулы топ штаттағы маңызды жолдарды да бақылауға алған.
Зардап шеккендерді өзен арқылы жеткізбек болғанда қайық аударылып кеткен. Бас-аяғы 4 сағатқа жалғасқан қиян-кескі ұрыста содырлар жұртқа бей-берекет оқ жаудырып, баспаналарды да өртеп жіберген. Әзірге бұл шабуылды мемлекеттегі ешбір ұйым өз мойнына алған жоқ.
Қайыркен Отыншы