Мазмұнға өту
· 14 қаралым

Әлем жаңалықтары

Айналасына азуы батып, өктемдігі өтіп жатқан Дональд Трамп тағы жерден жік шықты, екі құлағы тік шықты. Ақ үй басшысы, өзі қол-аяғын байлап әкетіп, президентсіз қалдырған Венесуэланы Американың 51-ші штаты етіп, қатарына қосып алуды ұсынды. 80 жастағы саясаткер Техас штатындағы жақтастарымен кездесуінде көрші Каракас мемлекет басшысын емес, жаңа губернатор сайлауына дайындала берсін депті. Трамп бұл ұсыныстарды қос ел арасындағы мұнай серіктестігінің жаңа деңгейге шығуымен байланыстырады.

ПОЙЫЗДАР БІР-БІРІМЕН ТҮЙІСТІ

Инфрақұрылымы ең қауіпсіз саналатын Испанияда қайғылы оқиға. Ел астанасы Мадрид пен Андалусия арасындағы теміржолда жүрдек пойыздар бір-бірімен соқтығысып, салдарынан кемінде 46 жолаушы қаза тапты. Ірі апат Толедо провинциясындағы Лос-Йебенес пен Урда елді мекендерінің арасында болған. Опат болғандар туралы деректер сағат сайын жаңартылып отыр. Вагонда шырт ұйқыда жатқан тағы ондаған жолаушы ауыр жарақат алды. Корольдіктің Көлік министрлігінің дерегіне сәйкес, қатты жылдамдықпен келе жатқан жүрдек пойыз екінші отарбаның артқы бөлігіне соғылған. Соққының қатты болғаны соншалық, вагон құрамының соңғы бөліктері рельстен шығып кеткен. Қазір теміржол желісіндегі қозғалыс уақытша тоқтатылды.

АВТОБУС САЙҒА ТҮСІП КЕТТІ

Сондай-ақ Пиреней түбегінің Каталония автономды аймағында жолаушыларға лық толы автобус апатқа ұшырады. Қоғамдық көлік Барселона мен Жирона қалаларын жалғайтын тас жолда аударылған. Автобус жүргізушісі тізгінге ие бола алмай, көлік сайға түсіп кеткен. Апаттан 83 жолаушы жарақат алды. Ақ халаттылар 7 адамның жағдайын ауыр деп бағалап отыр. Зардап шеккендерге көмекке 23 медициналық бригада мен екі тікұшақ жіберілді. Апаттың нақты себебі әлі белгісіз. Құзырлы органдар оқиғаның мән-жайын анықтауға кірісті. Мамандардың сөзінше, автобус терең сайдағы ағаштардың арасына ілініп қалған. Осылайша, қалың бұталар біраз адамның өмірін сақтаған көрінеді.

ДАУЫЛ ТҰРДЫ

Түркияның туристерді магнитше тартатын Анталия өңірінде төтенше оқиға. Демалыс аймағында әп-сәтте басталған жойқын құйын біраз елді мекенді аяғынан тік тұрғызды. Табиғаттың тосын мінезінен Анталияның Кепез ауданы қатты зардап шекті. Жергілікті басылымдардың дерегінше, синоптиктер бұған дейін нөсердің кесірінен провинцияда ескертудің сары деңгейін жариялаған екен. Дүлей дауыл құрылысшылар тынығатын екі контейнердің дал-дұлын шығарыпты. Тіпті жасанды нысанның біраз бөлігін ұшырып әкеткен. Салдарынан 4 жұмысшы опат болды. Тағы екі адам ауруханаға жеткізілді. Аймақ губернаторының сөзінше, құйын жолындағының барлығын жайпап, жүздеген метрден кейін көзден ғайып болыпты.

ҰШАҚТЫҢ ТҰМСЫҒЫ БҮЛІНДІ

Халықаралық авиацияда тағы бір ірі апат бола жаздады. Йеменнің Аден қаласынан Иорданияға бағыт алған ұшақтың тұмсығы табиғаттың тосын мінезінен аспанда қатты бүлінген. Тіпті жауған бұршақ лайнердің пилоттардың терезесін шағып, радар желісін сындырып, бортты майыстырып жіберіпті. Бірақ төтенше жағдайға қарамастан «Эйрбас-А-320» ұшағы Амман қаласының әуежайына аман-есен қонды. Десе де, лайнер күрделі жөндеуден өткізілуі тиіс. Тасымалдаушы компания ұшақты дереу арнайы тұраққа алып кетті.

← Барлық жаңалықтар