Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 13 қаралым

Елордалық кәсіпкерлер қоқысты қалай кәдеге жаратып отыр?

Тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеп, қоршаған ортаны қорғауға үлкен үлес қосу үшін міндетті түрде қаланың сыртынан жүздеген гектар жер алып, зауыт салудың қажеті жоқ. Елорда төріндегі бір ғана экохабтың өзі қоқысқа кеткен заттардан жаңа дүниелер жасап жатыр. Жұртты ортақ іске жұмылдырған жер кәдімгі көпқабатты тұрғын үйдің астынан ашылған.

Елорда төрінде ісін дөңгелеткен бұл экохаб өз жұмысын өткен жылы ғана бастаған. Шағын аумақта үлкен іс тындырған ұжым тұрмыстық қалдықтарға екінші өмір сыйлап, кәдеге жарайтын бірегей бұйымдар дайындауды меңгеріпті. Қабылдаған қалдықты қайта өңдейтін орталық халыққа ыңғайлы болуы үшін арнайы мобильді бағдарлама да ойлап тауыпты. Келушілер соның көмегімен апта сайын қанша қалдық өткізгенін оңай бақылай алады. Біз түсірілім жасаған сәтте бұл орталыққа ағылған жұрттың қарасы басылмады. Ұжымның қазіргі қауқары бір аптада 400 килограмдай қалдықты сұрыптауға жетеді. Сондай-ақ бір құрылғы да көзімізге түсті.

ҮСЕН АСТАНА, ТІЛШІ:

Мен дәл қазір велошредердің үстінде отырмын. Денсаулығыма пайдалы болатыны сөзсіз. Менің бойымда қан айналымы жақсарады. Сонымен қатар біз дәл осы пластиктерді осы құрылғымен өңдеп, экологияны сақтап қала алады екенбіз.

ГӘККУ БЕЙСЕМБАЕВА, «ЭКОХАБ» ӨКІЛІ:

Жаңағы сіздің көрсеткен велошредер, бұл велошредер демонстрациялық бұйым. Біздің өндірісте әрине одан үлкен бұйым орналасқан, әр адам аяқпен бұрап отырмайды. Бұл шедр адамдарға қайта өңдеудің бірінші этапын көрсетеді. Бұл велошредердан шыққан қақпашаларды, оларды балқытады және балқытқаннан кейін формаларға құйып, әртүрлі бұйымдар жасауға болады.

Бүгінде ел бойынша осындай 5 креативті орталық жұмыс істеп тұр: үшеуі Алматыда, біреуі Қарағандыда. Ал алдағы уақытта Семей мен Атырау қалаларында да дәл осындай экохаб ашу жоспарда бар. Жалпы, елімізде жылына 5 миллион тоннадай қалдық шықса, соның тек 25 пайызға жуығы, яғни 1 миллион тоннасы ғана қайта өңделеді екен. Сондықтан қалдыққа екінші өмір сыйлау ел үшін аса маңызды міндет. Эколог мамандар да мұның уақыт күттірмейтін өзекті мәселе екенін айтады.

БЕКБЕРГЕН КЕРЕЙ, ЭКОЛОГ:

Біздің жіберіп отырған мүмкіндігіміз мысалыға. Біз сол мүмкіндікті пайдалана алмай отырмыз. Негізі мынау енді қазір мынау циклейшний экономика дейді, мысалы. Енді сол алға өнім сол қалған қалдық қайтадан сол өндіріске қайтып келіп қайтадан өңделіп, сол қайтадан жаңағыдай екінші өмір беру мәселесін қазір құзырлы орган қолына алып отыр.

Шынында да, қалдықты қажетке жаратып, оған екінші тыныс беру тек жекелеген кәсіпкерлердің ғана емес, жалпы қоғамның экологиялық мәдениетін қалыптастыратын маңызды қадам. Мамандардың айтуынша, бұл бағыттағы оң бастамалар мемлекеттік деңгейде жүйелі түрде қолдау тауып, ауқымды науқандармен үйлесіп келеді.

МЕЙІРЖАН АЙТЖАНОВ, ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР МИНИСТРЛІГІНІҢ САРАПШЫСЫ:

Мұндай жобалардың ерекшелігі олардың тек бір реттік тазалық жұмыстармен шектелмей, азаматтарды ортақ іске жұмылдыруында және де 2026 жылы осы жаңа айта кеткендей осы 9 айда еліміз бойынша «Таза Қазақстан» акциясы аясында 753 экологиялық іс-шара өткізілді.

Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған жалпыұлттық экологиялық акция қоғам санасын киелі қазақ жерінің қадірін ұғынуға бағыттап келеді. Тіпті ел тарихында алғаш рет жоғары экологиялық мәдениет қалыптастыру мемлекеттіліктің негізін құрайтын қағидаттардың бірі ретінде Ата заңымызда бекітілді. Иә, қоршаған ортаны қорғайық деп қорлайтын да өзіміз. Ешкімге қалдықтың арасында қалу ұнамасы анық, ал осыны табиғат ана қыңқ демей қабылдап келеді. Сондықтан қара жердің қадірін біліп, қоқысты кәдеге жарату адамзаттың алдындағы басты міндет.

← Барлық жаңалықтар