Алаяқтар халықтың қыруар қаржысын үптеп кетуге шақ қалды. Қулық-сұмдықтың сан түрін меңгерген айлакерлер қазақстандықтардың 117 миллиард теңгеден астам ақшасын қолды қылмақ болған. Түрлі сылтаумен тұрғындардың сеніміне кіруге тырысқан олардың жолын Ішкі істер министрлігі дер кезінде кесіп, ірі көлемдегі қаражатты бұғаттап үлгерді. Нәтижесінде алданған азаматтарға 6 миллиард теңгеге жуық ақшасы кері қайтарылды. Ведомство мәліметінше, қазір кибералаяқтарға қарсы күрес күшейген. Полиция, банктер мен байланыс операторларының бірлескен жұмысы арқасында соңғы үш жылда интернет-алаяқтық 40 пайызға азайыпты. Мәселен, елді алдағысы келген 187 миллион күмәнді қоңырау бұғатталған. Бұдан бөлек, мыңдаған жалған сайт жабылып, заңсыз SIM-карталар тәркіленді.
ШҰҒЫЛА ТҰРЛЫБЕК, ҚР ІІМ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
2025 жылы шетелдерде 7 колл орталық жойылған, ал Қазақстан аумағында 6 колл орталығы жойылып отыр. 2026 жылы жалпы Қазақстанның ІІМ Украина полициясымен, Чехия елдерінің құқық қорғау органдарымен бірлесіп, осындай әртүрлі алаяқтық орталықтарды жойды.