Жол жөндеймін деп миллиондарды қалтаға басқан. Солтүстік Қазақстан облысында мердігер компанияның басшысына қылмыстық іс қозғалды. Ол Тимирязево мен Докучаево елді мекендерінің арасындағы трассаны жасауға бөлінген қаржының 87 миллион теңгесін қолды қылды деген күдікке ілініп отыр. Бұл былық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімін тексеру кезінде анықталған. Қазына қаржысына қол сұққан адам сот санкциясымен қамалды.
ДАНИЯР ТИМУРЗИН, ОБЛЫС ПРОКУРОРЫНЫҢ КӨМЕКШІСІ:
Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қылмыстық кодекстің 194-бабының 4-бөлігі бойынша мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Тергеу облыс прокуратурасының бақылауында.
Айта кетейін, өңірде жол жөндеуге бөлінген қаржының ұрлануы бірінші рет болып отырған жоқ. Құзырлы органдар бұған дейін де осындай бірнеше заң бұзушылықты анықтаған еді.