Алматы облысында мал ұрлығы өршіп тұр. Бұрын өрістен ұрлайтын барымташылардың басынғаны сонша, төрт түлікті енді қорадан айдап әкететінді шығарған. Тағы олардың қоң жинайтын сәті күздің келгенін күтеді екен. Әккілерге әбден жем болған Жамбыл ауданындағы шаруалар полициядан қайран жоқ деп налыды.
Ауылдықтардың күз түссе берекесі қашады. Күндіз өрістен, түнде қорадан малдары қолды болады. Жаз бойы жайылымда жүріп қоң жинағанын әбден күткен барымташылыр әйтеуір бір айласын табады дейді. Тағы олар алыстан емес, Жамбыл ауданынын бес саусақтай білетін әккілер екеніне сенімді. Өйткені, бір күнде бірнеше елдімекеннің төрт түлігі бір мезетте ұшты-күйлі жоғалатынға ұқсайды.
БЕРІК ЕШЕН, ЕҢБЕКШІАРАЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Ұры алыстан келмейді, көршің не төңірегің сол жерден келеді. Менде 36 бас қой болған қорамда. Соны сол түні айдап кеткен. Айдап шығып, жақын маңайдан 500 метр сеткаға тақап басқан. 20 Бас қойды газельге басқанда, ол камерадан үлкен трассаға шыққанда көру керек қой? Арызың қабылданғанда түбегейлі артына түсіп іздемейді. Соларға міндеттіміз.
Жиналғандар соңғы бес жылдан бері әккілерге жем болдық деп ашынып отыр. Айналдырған 3-4 ауылдан бес жылда 200 бас ірі қара мал жоғалса, осы айда үш сиыр, 10 жылқы, 20 қойды айдап кеткен. Жұрт таңбалы төрт түлігін шекараға дейін іздеген. Әсіресе, асыл тұқымдыларынан айырылғандар іштері удай ашып отыр. Өйткені, әрқайсы нарықта құны 8-10 млн теңгеден жоғары дейді.
ТӨЛЕНДІ ОСПАН, ҚЫЗЫЛӘСКЕР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Менікі өрістен кетіп отыр. Өріске камера қоя алмаймыз ғой. Бір құлынды бие, артындағы байталымен, жолдас баланың айғыры, он бас кетіп отыр. Бүгін 28 күндей болады, күдерімді үздім. Мал табылмайды. Біз тау етегіндегі фазенділерді қарап шықтық. Қарағанда рұқсатын берсе кіреміз, жоқ дейді ең аяғы. Қордай ауылындағы шекараға дейін барып қайттым.
Бала-шағаның аузынан жырып, малды күтіп-баптап қомақты қаражатын құйған азаматтар әбден тақырға отырдық дейді. Жүген ұстап қалғандар ақыр аяғы соғымға да сойып үлгермеген. Осы тұрғандардың бәрі аудандық полицияға арыз жазған бірақ, ұрылар ұсталмайды, төрт түлік табылмайды деп күйінеді. Ал, құзырлы орган жыл басынан бері мал ұрлығы дерегі бойынша 32 қылмыстық іс қозғалып, оның 19 ашылды дейді.
ЕРНАР САЙДИЛЬДИН, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
Тіркелген барлық фактілер бойынша қажетті тергеу әрекеттері жүргізілді. Қазіргі уақытта қылмыстық істердің бір бөлігі өндірісте, олар бойынша тергеу амалдары жалғасуда. Жекелеген қылмыстық істер сотқа жолданған. Қабылданған процестік шешімдер туралы арызданушыларға заңда белгіленген тәртіппен хабарланған. Тергеу амалдары жалғасуда және Алматы облысы Полиция департаменті басшылығының бақылауында. Әрбір факті бойынша тиісті құқықтық баға беріледі.
Полиция мал иелерін төрт түлігін қараусыз қалдырмауға қандай да қорғау құралдарын пайдалануға шақырып отыр. Өйткені, жыл басынан бері облыс бойынша мал ұрлығы деректеріне қатысты 117 қылмыстық іс тіркеліп, 80 іс тергеуге жолданған. Ал, жұрттың не малы, не ақшасы қайтпаған.