Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 16 қаралым

Дәмханада жарылыс болды

Ақтөбеде бес қабатты үйде орналасқан дәмханада жарылыс болып, арты өртке ұласты. Апаттан екі адам зардап шегіп, шұғыл ауруханаға жеткізілген. Олардың жағдайы қалай? Жарылысқа не себеп болды?

Ақтөбенің «Алтын Орда» деп аталатын ауданында тұратындар таң ата дүрлікті. Тәуелсіздік даңғылы бойындағы бес қабатты тұрғын үйден будақтаған қою қара түтін көпшіліктің үрейін ұшырды. Әуелі осы үйдің бірінші қабатында орналасқан дәмханада жарылыс болып, тамақтану орнының қабырғасы опырылып түскен. Артынша қызыл жалын тұтанған.

ОЛЖАС ИМАНБАЕВ, КУӘГЕР:

Қатты болды дауыс деген. Не жарылғанын түсінбей қалдым. Қарасам, бір қыз шыңғырып жатыр. Дереу ішке келдім, қасыма тағы екі жігіт келді. Ана баланы шығарып алдық терезеден. Атын сұрап жатыр, атын айтатын жағдайда емес бол бала. Өте нашар, шок. Киімдерін жыртып жіберген ғой, қан-қан үсті.

Жарылыстың жойқын болғаны сондай, көпқабатты үйдің тұрғындары не болғанын өздері де түсінбей қалған. Жер сілкінгендей күй кештік дейді. Бірінші қабаттан бесіншіге дейінгі терезенің бәрі сыныпты. Пәтерінің іші бүлінгендер де бар екен.

ЖАНБОЛАТ ТАЙШЫБАЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Екінші этаж болған соң ударная волнаны қабылдадық біз. Диванда отыр еді жолдасым, екінші топтағы мүгедек. Ол да ұшып барып құлады, кенже балам да құлады. Сосын жылдам есімізді жиып, сыртқа шығуға ұмтылдық. Үйдің бәрі быт-шыт болды. Ештеңе жарамайды. Еден көтеріліп кетті, терезенің бәрі қирады, деформация.

Жарылыстың зардабын сол сәтте даңғыл бойымен кетіп бара жатқан бірді-екілі көлік те тартыпты. Уәлихан Жаңабаев – қоғамдық көліктің жүргізушісі. Оқыс оқиға болған кезде автобустың ішінде 10 жақты жолаушы отырыпты. Абырой болғанда бәрі дін аман. Ал қоғамлдық көліктің терезесі шытынапты.

УӘЛИХАН ЖАҢАБАЕВ, АВТОБУС ЖҮРГІЗУШІСІ:

Примерно анау машиналар тұрған жерде келе жаттым. Хлопок болды, взрыв. Мен ойладым артымнан машина соқты деп. Тоқтадым, жанымды қарадым: ешкім жоқ. Мына жақтан магазинді көріп қалдым. Как раз девушка выбежала магазиннен.

Жедел жәрдем көлігі жарылыстан соң ауруханаға 19 жастағы жігіт пен 36 жастағы әйел адамды жеткізген. Түс қайта келіншек ауруханаға жатудан бас тартып, емін үйінде жалғастыруға шешім қабылдаған. Ал денесінің шамамен 30 пайызын күйік шалған жігіт жансақтау бөлімінде жатыр.

ҚАДЫРБЕК ИМАНБАЕВ, №1 ҚАЛАЛЫҚ КӨПСАЛАЛЫ АУРУХАНАСЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ:

Зардап шеккендердің жағдайы тұрақты, өмірлеріне қауіп төніп тұрған жоқ. Қазіргі уақытта оларға барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде.

Бесқабатты үйде қанша пәтер бүлінді, қандай залал келді, оны мамандар анықтап жатыр. Терезелері үңірейіп қалған үйде жел улеп тұр. Тұрғындар мұндай апат қайталанбас үшін көпқабатты үйлерде орналасқан асхана, дәмханаларды тексеруді күштейту керек дейді.Ол үшін өрт сөндірушілерге рұқсат беру қажет екенін алға тартты.

АҚБАЯН СҰЛТАНМҰРАТОВА, ТІЛШІ:

Қазір бұл үйдің тұрғындары өз ағайындарының, енді бірі таныстарының үйіне кеткен. Қалалық әкімдік оларға қажет болған жағдайда көмектің барлығын көрсетуге әзірміз дейді.

АЗАМАТ БЕКЕТ, ҚАЛА ӘКІМІ:

Әрине, біз өз тарапымыздан өз ұсынысымызды білдіреміз. — Келтірілген шығын болса, оны комиссия анықтай ма? Кім анықтайды? — Оны ең бірінші кінәлі азаматты анықтайды. Анықтағаннан кейін толық шешім қабылданатын болады.

Төтенше жағдайлар департаменті апаттың нақты себебін айтуға әзір ерте дейді. Дегенмен, жарылыс газ баллонынан емес, газ қоспасының жиналып қалуынан болуы мүмкін деген болжамын айтты. Апатқа қатысты қылмыстық кодекстің Өрт қауiпсiздiгi талаптарын бұзу бабымен іс қозғалды.

← Барлық жаңалықтар