Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 11 қаралым

Зираттағы зұлымдық

Зираттағы зұлымдық. Қостанай облысында бәзбіреулер бейіт басындағы заттарды ұрлап, марқұмның туыстарын әбден зәрезеп қылды. Бұл – 2024 жылдың желтоқсанында Ақтау маңындағы ұшақ апатынан қаза тапқан Сәлима Джутаеваның зираты. Таяуда қаскөйлер мұндағы бақылау камерасын қолды қылыпты. «Аталған жағдай – қызымның қорымына жасалған алғашқы қиянат емес», – дейді анасы. Бұған дейін де арам пиғылдылар қабірдегі қымбат тал-көшеттерді түбімен қопарып, мәрмәр орындықты бүлдіруге әрекеттенген екен. Қайталанған ұрлықтың алдын алу үшін марқұмның туыстары бейнебақылау камерасын орнатыпты. Алайда бұл да зұлымдарға тосқауыл бола алмапты.

ҰЛТУҒАН ДЖУТАЕВА, МАРҚҰМ С. ДЖУТАЕВАНЫҢ АНАСЫ:

Камераны бізге көрсетті. Ішіндегі флешканы алып кеткен. Телефон арқылы зиратта не болып жатқанын бақылап отыра алатынбыз. Алайда 11-інен 12-сіне қараған түні камера істемей қалды. Қабірдің қоршауын жасап жүрген адам зиратқа барып, камераның жоқ екенін байқап, бізге хабарласты. Біз бірден полицияға жүгіндік. Ұрылардың бағанның басына қалай шыққанын түсіне алар емеспін. Камераны түбімен жұлып әкеткен. Демек, олар тағы да келуі мүмкін. Бәлкім, мәрмәрдан жасалған дүниелердің бірін ұрлауға көздеп жүрген шығар.

Қостанай облысының полициясы камера ұрлығына қатысы болуы мүмкін адамды анықтағанын хабарлады. Қазір оқиғаның мән-жайы тексеріліп жатыр.

АЙРИ ТЕМІРҒАЛИЕВА, ОБЛЫСТЫҚ ПД КРИМИНАЛДЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ:

12 қарашада аудан тұрғыны полицияға өзіне тиесілі бейнекамераның ұрланғаны туралы арызбен жүгінді. Жедел-іздестіру шаралары барысында полицейлер аталған іске қатысы болуы мүмкін адамды ұстады. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті іс-шаралар жүргізіліп жатыр.

← Барлық жаңалықтар