Алматы облысында 6-сынып оқушысы көз жұмды. Жазатайым оқиға Қонаев қаласындағы мектеп-гимназияда болған. Білім ошағының басшылығы келеңсіз жағдай 16 қараша күні тапа-тал түсте болғанын айтады. Түстен кейін оқитын 11 жастағы оқушы үзілісте үшінші қабаттағы баспалдақтың ернеуімен төмен сырғанапты. Сол мезетте құлап кетіп, ауыр жарақат алған. Мектеп ұжымы бірден жедел жәрдем шақырған.
ГҮЛЗАТ ЕРЖАНОВА, МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Біздің мектептің 6-сынып оқушысы бірінші ауысым мен екінші ауысымның ауысып жатқан кезі. Ол оқушы екінші ауысымда оқитын. Екінші блок үшінші қабаттағы баспалдақ жақтауынан сырғанақ тебемін деп, содан құлап, екінші этаждың баспалдағына ауыр жарақат алып, оқыс оқиға болды.
Ауруханаға жеткізілген 11 жасар баланың өмірін сақтап қалу үшін дәрігерлер екі тәулік бойы күрескен. Медициналық көмек көрсетуге республикалық, қалалық және облыстық деңгейдегі жетекші нейрохирургтер жұмылдырылған. Тіпті 17 қараша күні күрделі ота жасалыпты. Алайда бүгін таңертең жеткіншек ауруханада қайтыс болды. Қазір қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталды.
АЙДОС ҚИЗАТОВ, ҚАЛАЛЫҚ КӨПБЕЙІНДІ АУРУХАНА ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Науқастың операциядан кейінгі жағдайы да ауыр болып, өмірге қауіп төндірді. Ота өмірді сақтап қалу көрсеткіштері бойынша жасалды. Бүгін таңертең науқастың жағдайы ауыр және нашарлады. Оның жүрек-тыныс алуы тоқтаған.