Балаларға әлеуметтік желі арқылы бейәдеп суреттер мен SMS жіберетіндерге жауапкершілікті күшейту керек! Құрылтай депутаты Әсел Баденова осы мәселеге алаңдап, Ішкі істер министріне сауал жолдады. Оның сөзінше, елдегі ұл-қыздардың 7,4 пайызы кемінде айына бір рет жыныстық сипаттағы видео көреді. Ал тағы 7 процентіне осы тақырыптағы хабарламалар келеді екен.
ӘСЕЛ БАДЕНОВА, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:
Бүгінде цифрлық орта өмірдің бір бөлігіне айналды. Ал дәл осы ортада балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз керек. Сондай қауіптің бірі – киберфлешинг. Яғни адам сұрамаса да әлеуметтік желі немесе басқа цифрлық арналар арқылы жыныстық сипаттағы суреттер мен материалдарды жіберу.
Депутаттың айтуынша, елімізде мұндай әрекеттер жеке есепке алынбайды. Сондықтан киберфлешингтің қаншалықты кең тарағаны нақты белгісіз. Ал ішкі істер министрлігінің дерегінше жыл сайын балаларға қатысты 800-ден астам қылмыстық іс тіркеледі. Биылдың өзінде 624 заңбұзушылық анықталыпты. Енді халық қалаулысы балаларды интернеттегі қауіптен қорғаудың нақты тетігін енгізуді ұсынып отыр.
ӘСЕЛ БАДЕНОВА, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:
Ең маңыздысы осындай жағдайда мемлекетте нақты механизм, ал ата-аналар мен балаларда көмек алу мүмкіндігі болуы тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев құқық бұзушылықтың алдын алуға ерекше назар аударды.