Алматының маңында қыз-келіншектері туфли киюді армандайтын ауыл бар. Биік өкшемен асфальт үстінде адымдап, айналасына маңғаздана қарап жүргісі келеді. Бірақ жеме-жемге келгенде аяғын галошқа сұғып, қара жолмен аяңдауға мәжбүр. Себебі өздері төсеген айнадай асфальтты өзгелер қара топырақтың астында қалдырған. Лай жол, батпақ кешуден көз ашпаған бұқараның қазір ашуы аспаннан келіп отыр.
ӘУЕСҚОЙ ТҮСІРІЛІМ:
Жігіттер жол осымен тәмәм болды. Мына жағы былай қарай Бейбарысқа жетпеді. Ақша да бітті.
Қарасай ауданы, Кемертоған ауылының бұл жаңа құрылыс жағы. Көшелерінің атауы да, жарығы да, жолы да жоқ. Әбден шенділерден сұрай-сұрай шаршаған жұрт ақыр аяғы өздері әр отбасы шама-шарқынша ақша шығарып, өз беттерінше теп-тегіс асфальт төсепті. Енді рахатын көреміз дегенде, шенділер елді мекенге су өткіземіз деп астаң-кестеңін шығарған. Әйтпесе тұрғындар тіршілік нәрінен тарыққан емес!
БАҚЫТГҮЛ НҮСІПБЕК, КЕМЕРТОҒАН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Су жүргізіп жатырмыз дейді. Біз суға тапшы халық емеспіз. Суымыз бар біздің. Жүргізе берсін, қарсы емеспіз. Бірақ лай лай қылып, топырақ қопарып тастап кетті. Негізі біз бұл жерге өзіміз ақша шығарып кемінде 200 мыңнан шығардық. Біздің отбасымыз 200 мың шығарды. Сөйтіп бәрі 200-300-500 мыңға дейін шығарған адамдар бар.
Бұл ауылдың қыз-келіншектері биік өкшелі туфли кие алмайды, өйткені, қысы жазы аяқтарынан галош түспейді. Келіндері қол арбасын итерудің орнына баласымен қоса көтеруге мәжбүр. Алыстағы мектепке оқушы таситын автобусы болған, бірақ, балшық жолға қайта-қайта батып келмей қойған. Кесірі, балаларды мұғалімдер кір қожалақсыңдар деп сөгетінге ұқсайды.
ТАЛҒАТ МОМЫНОВ, КЕМЕРТОҒАН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Акимат ой жасап береді, шебін төсеп береді бұзған жолдарды деген бірақ жоқ. Күтіп отырмыз, қыс келе жатыр алдымызда. Балшық су. Ертең бала-шаға көктемде не боларын. мектепке барса, мектепке кіргізбейді дейді апайлары. Немене бәле орманнан келдіңдер ма аяқтарың балшық деп. Оған не дейміз? Екі аяқ салып береміз, біреуі барарда, біреуі қайтарда. Лай балшық топырақ, аунап.
Кемертоғандағы жөндеу жұмыстары биыл наурыз айында басталыпты. Бюджеттен 5 млрд теңгеге жуық ақша бөлініп, 184 шақырымға су құбыры жүргізіліп жатыр. 4500 түтінді қамтамасыз етпек. Бірақ тұрғындарға қолайсыздық тудырмас үшін ең құрмаса тас төсеп, уақытша жол жасап беруі керек. Шенділер оны әні-міні деп көктемнен бері созып жүргенге ұқсайды. Ал бүгін ақжағалы екі күнде КамАЗ-КамАЗ қиыршықталған тас жібердік дейді.
БЕКЗАТ КӘРІМОВ, ҚАРАСАЙ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Кеше де біз кездесіп, түсіндірме жұмыстарын толықтай жүргізіп бердік, кешегі күні 17 қараша күні 3 жүк көлігі самосвалмен апарып бердік, қазіргі уақытта міне, дәл қазір ол жақта 4 немесе 5 камаз төселіп жатыр. Сол көшені қайтадан қалыпқа келтіріп береміз. Қандай жабынды болды сондай жабындыны қайтадан қалпына келтіріп береміз. Барлығы жоба аясында мердігер мекеменің тарапынан жүргізілетін болады.
Қарасай ауданының білдей шендісі камераға бәрін түгендедік, жібердік дегенімен, тұрғындар уәдесінде тұрмайтын ақжағалыларға мүлдем сенбей, тексерді. Сөйтіп, көше-көшеден жүк көлігін іздеді, алайда, ақыры ешкімді таппапты.
ӘУЕСҚОЙ ТҮСІРІЛІМ:
Бүгін 18 ноябрь бізге акимат тас төсеп жатырмыз деп айтыпты, солай солай бүгін ешкім ешқандай тас әкелмеді. Үшінші көшеге де төселмеген. Қазір бірінші көшені көресіздер. Сол лайға батқанымыз батқан.
Ал жоба бойынша су өткізу жұмыстары 2028 жылдың соңында аяқталмақ. Ауылдықтар енді тізеден келетін батпақпен үш жыл қалай алысамыз деп уайымдап қалды.