Әлемжеліге телмірген әлеуметке эфирінде ем-дом жүргізіп, оларға құмалақ ашқан бақсы-балгерлер енді жаңа талапқа бағынуға тиіс! Бұл тізімде «ақыл сататын» коучтар мен адам жанын емдейтін психологтар да бар. Сондай-ақ жасы 16-ға жетпеген ұл-қыздарды да жаңа шектеу күтіп тұр. Ал шенеунікті жұмыстан тыс уақытта суретке түсіру үшін де өзгелер рұқсат сұрауы бек мүмкін. Түрлі контент иін тірескен интернет кеңістігін тезге салатын заң жобасында тағы қандай өзгеріс бар?
ЖАНАР АРҒЫН, ТІЛШІ:
Енді 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желіде тіркелуге тыйым салынбақ. Өйткені олардың ақпараттық алаңдағы қауіпсіздігі басты назарда деген Құрылтай депутаттары онлайн-платформаларға алдағы уақытта шектеу қойылатынын айтты. Жаңа заңға сәйкес, пайдаланушылардың жасын анықтайтын арнайы тетіктер енгізілмек. Дегенмен де, бұл оқушылар мүлдем телефон ұстамайды дегенді білдірмейді. Олар бұрынғыша ата-анасымен, жақындарымен мессенджерлер арқылы хабарласа алады.
АРМАН ҚЫРЫҚБАЕВ, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРІ:
Бүгінде балалардың платформалардағы ақпаратқа, оның ішінде зиянды және деструктивті контентке қол жеткізуі іс жүзінде шектелмеген. Осыған байланысты 16 жасқа толмаған балалардың платформаларда тіркелуіне тыйым салу ұсынылады. Платформа иелері мен олардың өкілдіктері пайдаланушылардың жасын тексеру шараларын қабылдауға міндетті болады.
Сондай-ақ әлеуметтік желіде аузына келгенін айтып, балағат сөйлеп, жала жапқандарға да жаза қолданылмақ. Осы ретте депутат Гүлзира Атабаева бір жыл ішінде бірнеше мәрте заңнан аттап, өз білгендерін жасағандарға қатаң шара қолдану керектігін ұсынды. Тіпті 1 айға дейін қамауға алынуы керек деді халық қалаулысы.
ГҮЛЗИРА АТАБАЕВА, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:
Бір жыл ішінде қайталанған құқық бұзушылық үшін 100 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту немесе 30 тәулікке дейін қамауға алу ұсынылып отыр. Бәлкім, сотқа істің мән-жайын ескере отырып, жаза түрін таңдауға кеңірек мүмкіндік беру керек шығар. Мысалы, айыппұл мөлшерін арттыру, қоғамдық жұмыстарға тарту және әкімшілік қамауға алу сияқты жазаларды қарастыруға болады.
Елге ақыл айтып, түрлі кеңес беретін коуч-психологтар мен емші, көріпкелдердің де жұмысы қадағаланбақ. Енді қандай да бір қызмет түрін ұсынған кезде олар өздерінің білімін растайтын құжатты көрсетуі тиіс. Ал бал ашып, болашақты бағамдайтындар контентінің ғылыми дәлелі жоқ екенін алдын ала ескертуі қажет.
АЛЕКСАНДР ДАНИЛОВ, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:
Эзотерика тақырыбындағы шынайылық. Оккульттік қызметтер ресми ұғымы енгізіліп жатыр. Кез келген контент немесе бал ашу мен тылсым тәжірибелердің жарнамасы мұның ғылыми дәлелі жоқ жай ғана ойын-сауық екенін көрсететін айқын белгімен сүйемелденуге тиіс.
ЖАНАР АРҒЫН, ТІЛШІ:
Жаңа заңнамаға сәйкес, шенеуніктердің жеке өміріне қол сұғып, жұмыстан тыс уақытта фото-видеоға түсіруге де шектеу қойылмақ. Яғни қызмет бабында ешқандай тосқауыл жоқ. Тек көшеде, демалыста я болмаса дәмханаларда көріп қалсаңыз, камераға түсірмес бұрын келісімін алуыңыз керек.
АРМАН ҚЫРЫҚБАЕВ, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРІ:
Әр адамның жеке өмірі бар, оған қол сұғуға болмайды. Бұл әрбірден соң конституциялық талап екенін өздеріңіз жақсы білесіздер. Ал қызмет барысында, белгілі бір ресми шаралардың, болмаса бір жиналыстың үстінде, Құрылтай қабырғасында болып жатқан шаралардың үстінде бейнетаспаға ілініп жатса, біздің ойымызша және заңның концепциясында көрсетілген ешқандай да келісім алудың қажеті жоқ.
ЖАНАР АРҒЫН, ТІЛШІ:
Жауапты министрлік заңсыз контентті жоюдан жалтарғандар заң алдында жауап беретінін жеткізді. Әсіресе, балаларға қатысты материалдар дер кезінде өшірілмесе, жаза күшейтілмек. Талапқа бағынбағандар 200 мыңнан бастап 1 миллионнан аса айыппұл арқалауы мүмкін. Ресми дерекке сүйенсек, биыл платформаларға 128 мыңнан астам материал бойынша ескерту жолданған. Алайда оның тек 70 пайызы ғана өшіріліпті.