Параспортта жетістік те жетеді, медаль да аз емес.
Әлемді мойындатып, ел мерейін үстем етіп жүрген спортшыларымыз бар. Бірақ жарқыраған жеңістердің тасасында шешімін таппаған түйткілдер де баршылық. Елде қаншама мүмкіндігі шектеулі бала спорттан шет қалып, өз қабілетін шыңдауға болатын ортаны білмей жүр. Себебі бұл салада ақпараттандыру жұмысы ақсап тұр.
Осылай деген Құрылтай депутаты жиында Туризм және спорт министрлігін сынға алды. Айсұлу Сүлейменнің сөзінше, елімізде 124 мыңнан астам ерекше бала бар. Оларды спортқа тартып, қоғамға бейімдеуге барынша жағдай жасау қажет.
Сондай-ақ халық қалаулысы нысандарды түгендеп, қолайлы жағдай жасап, қаржыландыруды күшейтіп, жүйені реттеуді ұсынды.
Айсұлу Сүлеймен, ҚР Құрылтайының депутаты: «Спорт нысандарына түгендеу жүргізіп, олардың параспортқа қолжетімділігін өңірлер бойынша бағалау керек. Жаңа және жаңғыртылатын спорт нысандарында параспортқа қажетті жағдайларды қарастырып, қолжетімділігін бақылау қажет. Параспорт жаттықтырушыларының санына, жалақысына және тапшылығына талдау жасап, ынталандыру шараларын кеңейту керек. Мүгедектігі бар балаларды спортқа ерте жастан тарту жүйесін қалыптастырып, ата-аналарды қажетті ақпаратпен қамтамасыз ету қажет».
Қуат Құдайберген