Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 9 қаралым

Құтқарушылар тағы бір құзыретке ие болды

Көлігіңізді дұрыс қоймасаңыз, таңертең басқа жақтан тауып алуыңыз мүмкін. Артық қадам жасауға ерініп, темір тұлпарын қалай болса солай қаңтарып кетіп, елдің бәрін әлекке салатын «әумесерлерге» ешкім қоңырау шалып жалынып жатпайды енді. Алда-жалда өрт сөндірушілер кеп қалған жағдайда аулаға кіруіне кедергі келтірсеңіз, көлігіңізді көтеріп, ысырып тастай салады. Ол үшін полицияның рұқсаты да қажет емес. Құтқарушылар құдды бір құмырсқа секілді өзінен үлкен затты оп-оңай көтеріп алатын шағын ғана жаңа құрылғысын таныстырды.

ҮСЕН АСТАНА, ТІЛШІ:

Қыс келсе, көмір жағып қамданатын қарашаға министрдің өзі келіп, жер үйде тұратын тұрғындарға пеш жағу мен иіс газынан сақтанудың ережелерін түсіндіріп өтті. Қыркүйекте ғана қызметіне кіріскен шенді Үкіметте өткен брифингте аулаларды аралаймын деп уәде берген еді, сөзінде тұрды.

Әкім-қара мен атқамінерлер демалыс күніне қарамастан, кезекті рейдке шықты. Жауапты тұлғалар тексерісті елорданың іргесіндегі Көктал тұрғын алабынан бастады. Көгілдір отынның игілігін әлі көрмеген үйлерге арнайы бас сұққан министр ақсақалдардың батасын да алып үлгерді.

Сіз де аман болыңыз! Менің жасымды берсін, өмір жасың ұзақ болсын! Еліміз көркейіп, сіздей азаматтар көп болсын!

Биылғы жылыту маусымы басталғалы елімізде 787 өрт тіркелген. Тілсіз жау 33 адамның өмірін жалмаған, оның төртеуі – бала. Тағы 27 тұрғын түрлі жарақат алған. Араларында ысқа уланып қалғандары да жетерлік. Қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін жауапты мамандар жеке тұрғын үйлерге арнайы датчиктер орнатып берді. Бұған халық та дән риза.

МАРАЛ СЫЗДЫҚОВ, «КӨКТАЛ» ТҰРҒЫН АЛАБЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Енді назар аударғаны дұрыс қой. Жергілікті жерлерге тем более, пешпен жағатын жерлерге. Өрттің алдын алып жатыр, ескертіп жатыр, кешеден бері, алдында да келіп жатыр жігіттер, негізі керек нәрсе ғой деп санаймын.

Құтқарушылар осы уақытқа дейін ел бойынша 100 мыңға жуық үйді аралап, қауіпсіздік үшін 20 мыңға тарта датчик орнатқан. Десе де қолдан жасалған пештер мен мұржадағы ақаулар өртке әлі де себеп болып отыр. Салдарынан өрт сөндірушілерге түсетін шақырту да азаяр емес.

МҰРАТ МҰХАНОВ, ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРІ:

Енді әртүрлі кемшіліктер жаңағы айтқандай, кемшіліктер қолдан жасалған пештер болады мысалы, мұржалардың тесіктері болады. Әртүрлі енді кемшіліктер көп, бірақ соның бәрі біздер жаңағы жергілікті атқарушы орган бар біздер бар, КСК бар, ОСИ бар, соның барлығын біріктіріп бірігіп, соның түсіндірме жұмысын жүргіземіз.

Сондай-ақ министрлік түйіні тарқамай жүрген тағы бір мәселенің шешімін тапты. Бұған дейін көпқабатты үйлерде өрт шықса, аула мен қақпа алдындағы көліктер кедергі болып, құтқарушылар оқиға орнына жете алмай қиналатын. Енді мұндай олқылыққа жол берілмейді. Ендігі жерде әрбір аулада өрт сөндіру көлігіне арналған арнайы орын сызылады. Ал жолды бөгеген темір тұлпарларды арнайы техникамен сүйреп әкетуге құтқарушыларға құзырет берілді. Талапқа бағынбаған жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке де тартылады.

← Барлық жаңалықтар