10:25 Тікелей эфир Многосерийный фильм «НАША ДОКТОР»
14:20 Эфирде әрі қарай Многосерийный фильм «КЛЯНУСЬ ЛЮБИТЬ ТЕБЯ ВЕЧНО»

3 айдан бері жалақыларын ала алмаған күзетшілер наразы

Елорданы тіршілік нәрімен қамтып отырған «Астана су арнасы» мекемесін күзететін  30-ға жуық жұмысшы 3 айдан бері жалақыларын ала алмай келеді. Маңдай термен тапқан еңбекақысын талап еткендердің осы уақытқа дейін бармаған жер, баспаған таулары қалмаған. Оларды жұмысқа қабылдаған күзет фирмасының өкілдері әлі күнге дейін төбе көрсетпей келеді. Ал, қарыз мөлшері 9 миллионнан асқан. Бірақ, коммуналдық қызмет өкілдері біздің тарапымыздан ешқандай заң бұзушылық жоқ деп отыр. Тақырыпты, соқыр тиын алмағандармен тілдесіп келген әріптесім Қайыркен Отыншы сабақтайды.

«Астана су арнасының» нысандарын күзеткен жұмысшылардан маза кеткелі біраз болған. Себебі, оларды күзет фирмасының өкілдері құрғақ уәдемен алдап жүргеніне үш айдан асқан. Жалақысы мардымсыз болса да, екі қолға бір күрек таппай сенделгендер жұмыс табылғанына қуанып осы уақытқа дейін еңбек еткен. Өйткені, қарауылдардың көбісі зейнет жасындағы кісілер.

МҰРАТ МЫРЗАХМЕТОВ, ЖҰМЫСШЫ:
«Мынау охранада жұмыс істегенімізге оншақты ай болды. Кейінгі үш айдың жалақысын ала алмай жатырмыз қаншама адам. 20-30 адам ала алмай отыр. Декабрь, январь, февраль айларының ақшаларын ала алмай отыр. Мынау охранный фирманың бастықтары «Дельта Секьюрити» Өскемен қаласында тұрады. Мыналар уақытысында аударады организация, ар жақтан бері қарай келмей жатыр ақша».

30-ға жуық жұмысшы коммуналдық мекеменің барлық нысандарында жалданып еңбек еткен. Оның ішінде Тазалау құрылғылары, су фильтрлейтін цехты қарауылдаған адамдар бар. Ал, тұрғындармен келісімге отырған күзет фирмасы жеме-жемге келгенде барлығын тақырға отырғызып кеткен.

ҮСІПБЕК ҚОСАҚОВ, ЖҰМЫСШЫ:
«Сол 3 айды есептегенде 150-170 мың. Кейде 2-3 смена істейміз, үйге бармай істейміз. Әне берем, міне берем деп айтып кетеді. Не договор берген жоқ. Оны да беріп жатқан жоқ. Ешқандай пенсионный жоқ. Жүрміз әйтеуір жұмыс деп. Істей бер дейді, болады дейді. Қашан болады? Авансты да бермейді, ештеңе бермейді».

Жұмысшылардың айтуынша, бұл күзет фирмасында бірнеше ай еңбек етіп, жалақысын ала алмай үмітін үзген оншақты адам бар. Оларды күштеп жұмыстан шығарып жіберген көрінеді.

ВИКТОР БАШМАКОВ, ЖҰМЫСШЫ:
«Бізге күзетшілерге «Дельта Секьюрити» деген компания 3 айдан бері айлық бермей келеді. Күніге ертең-ертеңмен тойдырып келеді. Барлығымыз пәтер жалдап тұрамыз, бала-шағамыз бар. Ішер асымыз жоқ, енді ауамен қоректенеміз ба?».

Күзет фирмасының офисі Өскемен қаласындағы дәл осы тұрғын үйде орналасқан. Ресми құжатта осылай деп көрсетілген. Алайда, жазылған мекен-жайдан тірі жанды кезіктірмедік. Көршілері пәтер иелерін тіпті танымайтын болып шықты.

Ал, «Астана су арнасы» өкілдері обьектілеріне қажетті күзетшілерді алу үшін өткен жылы тендер өткізгендерін айтады. Сол жерде аталған фирма жеңіске жетіп, келісімге отырған. Оған сәйкес, күзетшілердің жалақысына ай сайын агенттікке 2 млн 980 мың теңге аударып отырған. Тиісті құжаттары да бар екен.

НАЗГҮЛ ТӘЛІПОВА, «АСТАНА СУ АРНАСЫ» МКК БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:
«Астана су арнасы» мен «Дельта Секьюрити» күзет фирмасы өткен жылы мемлекеттік сатып алулар бойынша жалпы сомасы 29 млн 800 мың теңгеге келісімге отырған. Қазір аталған компанияға жұмысшылардың жалақысына біз ай сайын 2 млн 980 мың теңге аударып отырамыз . Бірде-бір кешіктірілген жағдай болған емес. Олар күзетшілерге жалақысын төлемей жатқанынан хабардармыз. Бірақ, біз заңды тұрғыда ешқандай көмек бере алмаймыз».

Коммуналдық мекемемен күзет фирмасы арасындағы келісім мерзімі жуырда ғана аяқталыпты. Енді, жаңа тендр өткізіліп, басқа компания жұмысшыларды өз қарамағына алмақ. Бір топ азамат бірлесіп құзырлы органдарға проблемасын айтып шағым да түсірген. Алайда, жұмыстарын жалғастырғанымен заңды ақыларын қашан алатыны белгісіз.

X