Еліміздің Азаматтық авиация комитеті Boeing 737 MAX ұшағының көкке көтерілуіне уақытша тыйым салды. Оған лайнердің соңғы 5 айда екінші рет құлауы себеп. «Скат» әуе компаниясына тиесілі бұл ұшақтың енді қашан көкке көтеріле бастайтыны белгісіз. Сондай-ақ соған билет алып қойған жолаушылардың көп екені туралы ақпараттар шығуда. Жалпы бұл шектеу қанша уақытқа созылмақ? Алынған билеттерді ауыстырудың қажеті бар ма? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Боинг 737 MAX 8 көптеген елмен келісім-шарт жасаған ең танымал авиатасымалдаушылардың бірі. Алайда Эфиопияда дәл осы лайнер апатқа ұшырап, 158 адам мерт болуы көптеген елдің әуе көлігіне сенімсіздігін арттырып жіберді. Мұндай Boeing-737 max ұшағы елімізде біреу ғана екен. Енді оның ұшуына уақытша тыйым салынды.
РОМАН СКЛЯР ҚР ИНДУСТРИЯ ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ:
“Қазіргі Boeing 737 MAX 8-ті уақытша тоқтаттық. 15 күннің ішінде комиссияның шешімі болады. Одан бөлек, ұшақтардың ұшуға жарамдылығын тексеру үшін әуе компанияларына тапсырма бердік. Олар бойнгтарды тексеріп қана қоймай, пилоттарын жаттығудан өткізіп, шеберліктерін шыңдауы керек”.
Эфиопиядағы әуе апатынан кейін Boeing 737 MAX ұшағымен қатынауға көпшіліктің жүрегі дауалай қоймасы анық. Осы ұшаққа билет алып қойған жолаушылар үшін туристік компаниялар алаңдап отыр. Дегенмен мамандар жолаушылардың алаңдауына негіз жоқ деп сендіріп отыр.
ДӘУЛЕТБАЙ СЕРІКБАЕВ, АЗАМАТТЫҚ АВИАЦИЯ КОМИТЕТІНІҢ ИНСПЕКТОРЫ: “Билетті өткізудің қажеті жоқ. Әуекомпанияда тағы да 6 ұшақ бар. Барлық әуе кемесі техникалық жағынан жарамды. Сол себепті барлық рейсі уақытша ұшады”
1970 жылдан бері Boeing 737 ұшағына қатысты 211 апат тіркеліп, 5386 жолаушы мерт болыпты. Ал Эфиопиядағы апаттан соң Нью-Йорк қор биржасындағы сауда-саттықта Boeing акциялары 11% арзандап кетті. Одан бөлек, Boeing-ті құрастыратын компанияның өндіріс кезінде жіберген қателігінен кейін ақау ұшақтың тұмсық бөлігінің иілуіне әкелетінін және мұндай кезде ұшақтың басқаруға көнбейтіні белгілі болған.
ГУСТАВО ХИМЕНЕС, ИСПАНИЯНЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН БІРІНШІ САНАТТАҒЫ ҰШҚЫШЫ:
“Төрт ай бұрын ғана дәл осындай Boeing 737 тура осындай жағдайда апатқа ұшырады. Ол кезде пилоттар лайнердің автоматтық жүйесін басқара алмай қалған. Яғни ұшақ өзін өзі басқарып кетеді. Бүгін міне осы екі апаттың арасында арасында ұқсастық бары дәлелденіп отыр”.
Ал Boeing 737 MAX 8 ұшағын қазақстандық SCAT әуекомпаниясы былтыр көктемде 115 млн долларға сатып алғаны белгілі болды. Тағы 5-еуін алу жөнінде келісімшарт жасалған екен. Алайда апаттан кейін біздің тарап, ұшақтың құлауы себебін анықтайтын комиссияның шешімін күтіп отырған көрінеді.