Батыс Қазақстан тұрғыны коронавирусты екінші рет жұқтырған. Сәуір айында ғана дерттен емделіп шыққан әйел адам тамыз кезінде қайтадан ауырып қалыпты. Бұл туралы бүгін өңірдің денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді. Сондай-ақ бұдан былай Солтүстік Қазақстанда да карантиндік шаралар күшеймек. 9 қарашадан бастап өзге қалаларға шығу үшін аймақ тұрғындары міндетті түрде вирусқа тест тапсыруы қажет. Мамандар індет жұқтыру көрсеткіші елімізде 2,6 есе артқанын айтуда. Өкініштісі, өсім республиканың барлық аймағында қарқын алып келеді. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Коронавирустан сәуірде емделіп шыққан Батыс Қазақстан тұрғыны эпидемияны жаз айларында қайта жұқтырған. Денсаулық сақтау министрлігі бұл фактіні 3 ай бойы жасырғанға ұқсайды. Неге десеңіз, осыған дейін ведомстваның бұрынғы ресми өкілі Бағдат Қожахметов вирусты қайта жұқтыру жағдайы мүлде тіркелген жоқ деп мәлімдеген еді.
ГҮЛНАР АБДРАХМАНОВА, БҚО ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
«Тек қана біреуі тіркелді. Ол кісі пандемияның бас кезінде ауырған. Ол алғаш рет пандемия басталғанда COVID-19 жұқтырған, екінші рет жаз айларының соңында жұқтырған».
Алайда бірер сағат бұрын Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте еліміздің бас санитары бұл ақпаратты жоққа шығарды. Айжан Есмағамбетованың сөзінше, қайта жұқтыру фактісі Батыс Қазақстан емес, Қарағанды облысында тіркелген. Сондай-ақ Қостанай облысындағы Жітіқара аудандық ауруханасы бүгін түгелдей карантинге жабылды. Ондағы науқастар мен қызметкерлер арасынан 15 адам ауырып қалыпты. Айтпақшы, енді солтүстік аймақтарда да карантин шаралары күшейеді. 9 қарашадан батсап тұрғындар вирусқа тест тапсырмай, өзге өңірлерге шыға аламайды.
АЙНАШ САҒЫНДЫҚОВА, СҚО ТАУАРЛАР МЕН КӨРСЕТІЛЕТІН ҚЫЗМЕТТЕРДІҢ САПАСЫ МЕН ҚАУІПСІЗДІГІН БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ МАМАНЫ
«9 қарашадан бастап СҚО қатаң карантиндік шаралар күшейтіледі. Айтатын болсақ келетін әуе қатынастарымен теміржол қатынастарымен қатынайтын, облыс аралық аралайтын адамдарға ПТР тест міндетті түрде».
Ал Қызылордада өңірдің бас санитары жөн-жоқсыз телефон қолдануға тыйым салып тастады. Жаңа қаулыға сәйкес, денсаулық сақтау ұйымдарында, жедел жәрдем көліктерінде, эпидемиологиялық тергеп-тексеру кезінде аудио, фото және бейнетүсірілім жүргізуге болмайды. Арнайы монтиорг және халықтық бақылау топтары мұны заңға қайшы әрі құқығымызды шектеу деп наразылық білдіріп отыр.
ЛӘЗЗАТ БАҚТЫБАЕВА, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ БОЙЫНША АРНАЙЫ МОНИТОРИНГ ТОБЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ: «Себебі ҚР ең басты Атазаңы болып табылатын Конституцияның өзінің бабында — Адам өзінің құқығына тиесілі қандай да бір мәліметті алуға және заңда тиым салынбаған жолмен оны таратуға құқылы деп көрсетілген. Бұл яғни біздің азаматтық құқығымызды шектеу болып табылады деп біз ойлаймыз».
Айта кетейік, соңғы мәліметтер бойынша елімізде вирус жұқтырғандар саны 113 741-ге жетті. Жалпы, науқастардың арасында 148 адам ауыр халде жатыр. 20-сы өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.