3:15 Тікелей эфир «ТАМАША CITY» бағдарламасы
6:00 Эфирде әрі қарай «ТАМАША CITY» бағдарламасы

Газ құбырынан су атқылап жатыр

Естімеген елде көп. Шымкентте газ құбырынан су атқылап жатыр. Соның кесірінен 100-ге жуық отбасы міне, 4 тәуліктен бері ыстық тамақсыз және жылусыз отыр. Ал, жергілікті билік мәселені дер кезінде шешудің орнына әлі күнге газ құбырына қай жерден су кіріп жатқанын біле алмай жүр. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Мына кадрде құбырдан су атқылап жатқанын анық байқауға болады. Бұл  «Қайтпас-1» шағын ауданындағы Медеу көшесі. Төрт тәуліктен бері жағдай осы дейді тұрғындар. Газ құбырына ауыз судың қалай кіріп кеткенін ешкім білмейді. Жергілікті жұрт өз бетінше ізденіп көріпті. Бірақ, нәтиже шығара алмаған.

БАЗАРБАЙ ТҰРСЫНОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Бізді анаған жібереді, мынаған жібереді. Футболный поля қылып жатыр. Ал, халық қиналып жатыр.

Газдың құбырынан су шығып кеткенін естіген мамандар көгілдір отынды уақытша ажыратып тастапты. Осы күні Медеу көшесінде тұратын 100-ге жуық отбасы суық бөлмеде жатуға мәжбүр. Көгілдір отынсыз тамақ істей алмай, тіпті, үйді де жылыта алмай жүр. Амалсыз кейбірі туған туысты жағалауға тура келіпті.

МӨЛДІР АБУОВА: ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Жылу жоқ. Жылытатын нәрсем жоқ. Газ жоқ менің үйім газбен жылиды шынын айтқанда. Даже бүгін больницаға барып келдім. Мұрны аққан жөтеліп қалды қызымды ауыртып алдым тағыда.

НҰРЖАМАЛ СҮЛЕЙМЕНОВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Көпбалалы бес-алты үй бар мына жерде. Әрқайсысы барлығы шуылдап жүр кімге барарымызды білмейміз. Енді тамақты неге істеп жатырсыздар?  Тамақ істеп жатқан жоқпыз. Жан-жақтағы туысқандардың үйіне баратындар сол жаққа барып жатыр. Машинамен барып ішіп-жеп қайтамыз. Олар бізге де оңай емес қой?

Газбен қамтамасыз етіп отырған мекеме өкілдері төрт тәулік дегенде ғана төбе көрсетті дейді ашынған жұрт. Бүгін арнайы бригада газ құбырының ішін судан тазартып, кептіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бірақ, сонда да су тоқтар емес.

Құбырдан неліктен су ағып жатқанын әзірге ешкім білмейді. Жауапты мекеме де іздестіріп жатыр екен.

НҰРҒАЛИ ҚОСМҰРАТОВ  СУ ҚҰБЫРЛАРЫ ЖӘНЕ КӘРІЗ ЖҮЙЕСІ МЕКЕМЕСІНІҢ БАСШЫСЫ: Бұл газда біздің қазіргі именно су құбырдларымыздың қиылысып жатқан жері жоқ. Қазіргі таңда сізге тиянақты жауап бере алмаймыз.

Жеке үйлерді көгілдір отынмен қамтамасыз ету үшін газға жауапты мекеме Медеу көшесінің басындағы тағы бір газ құбырын уақытша қосып беріпті. Бірақ, оның қысымы өте аз көрінеді. Басқа амал жоқ. Тек, әлгі газ бен су қиылысқан жерді таппай, жағдай жалғаса беретіні сөзсіз. Сондықтан, газ құбырына су құйылып жатқан жерді ертерек тауып, ел-жұртқа қажетті көгілдір отыны жеткізіп беруі тиіс.

X