Түркістан мен Қызылорда облыстарының тұрғындарына қауіп төніп тұр. Сенатта өткен Үкімет сағатында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев осылай деді. Шенеуніктің сөзінше айтарлықтай қауіпті Шардара су қоймасы төндіруде. Өйткені ол 1969 жылдан бері апатты жағдайда деп танылса да, әлі күнге дейін тиісті деңгейдегі жөндеуден өтпеген. Су қоймасының қазіргі қалпы дер кезінде қаперге алынбаса, оған жақын орналасқан 250 мыңнан астам адам су астында қалуы ықтимал. Парламенттің жоғарғы палатасында тағы не айтылды? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Сенатта елдегі су қауіпсіздігі, одан келетін қауіп-қатер тақырыбы талқыланды. Жиынға онлайн қатысқан Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Шардара су қоймасынан келер зардаптан қауіптенетінін айтты. Өйткені ол 1969 жылғы ірі апаттан кейін күрделі жөндеуден мүлдем өтпеген.
«Міне, қазір 50 жылдан асты. Мұндай апат 50 жыл көлемінде болып тұрады. Осындай жағдай қайталанса, Шардара, Отырар аудандарын, Арыс қаласының Сырдария өзенінің сол жақ жағалауындағы елдімекендерін, яғни Түркістан облысының 60 мыңнан астам тұрғынын және Қызылорда облысының 200 мыңнан аса тұрғыны су астында қалу қаупі бар».
Облыс басшысы биыл көктемде жарылған Өзбекстандағы Сардоба су қоймасын да еске алды. Көршілес елдің апаты Қазақстан экономикасына 32 миллиард теңге көлемінде шығын әкелген. Су сыйымдылығы 900 миллион текше метр нысан осындай зардап әкелсе, 5 миллиард текше метрлі Шардара қандай апат әкелетінін айту қорқынышты, деді Өмірзақ Шөкеев. Ол Үкімет басшысына осы мәселеге көңіл аударуды сұрады. Ал, Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин су тасқыны қаупін төмендететін жаңа жол картасын әзірлеу қажеттігін айтты.
ЮРИЙ ИЛЬИН, ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРІ
«2021-2023 жылдарға арналған су тасқыны қаупін төмендету жөніндегі жаңа жол картасын әзірлеу қажет деп санаймыз. Маусымдық су тасқынымен күресу үшін республикалық, сонымен қатар жергілікті деңгейдегі азаматтық қорғанысты басқару органдары төтенше жағдайларға арналған жедел басқару және әрекет ету жүйесін әзірлеп, елді мекенді, нысандар мен аумақтарды инженерлік қорғауды қамтамасыз етуі тиіс».
Юрий Ильиннің сөзінше, елдегі гидротехникалық құрылыстар, яғни су бөгегіш, іркуіш, қашыртқы және реттегіштер өткен ғасырдың 60-70 жылдары бой көтерген. Сәйкесінше, қазір олардың 40 процентінің әбден тозығы жеткен. Бірақ, Экология министрі Мағзұм Мырзағалиев жағдай бұдан да ауыр екендігін жасырмады.
МАҒЗҰМ МЫРЗАҒАЛИЕВ, ҚР ЭКОЛОГИЯ, ГЕОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР МИНИСТРІ
«Бүгінгі күні республика бойынша 5894 гидротехникалық нысан бар. Олардың басым бөлігі Кеңес дәуіріне салынған және олар қазір физикалық жағынан, моралдік жағынан тозығы жеткен. Атап айтсақ, каналдар 60 80 пайызға, бөгеттер — 40, дренаж ұңғымалары — 60-75 пайызға дейін тозығы жеткен».
Министр жаңа су кодексі де әзірленетінін айтты. Өйткені соңғы кездегі қолданыстағы құжатқа 17 жыл толыпты. Демек, ескірген. Сондай-ақ енгізетін өзгерістер де көп. Айтпақшы, алдағы жылдары Қазақстанның 9 өңірінде 39 жаңа су қоймасы салынады. Бұл жұмысқа 115 миллиард теңге бөлінеді деп жоспарланып отыр. Парламенттің жоғарғы палатасында ауыз су тапшылығы да айтылды. Бүгінде орталықтандырылған ауыз сумен жабдықтау көрсеткіші Қазақстан бойынша 77 пайызды құрайды. Сондай-ақ мемлекеттер арасында өтетін суды қолдану мәселесінде шикілік көп.
АСҚАР ШӘКІРОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Трансшекаралық суды пайдалану мәселелері біздің еліміз үшін аса өзекті болып қалуда. Бүгінде су ресурстарының тек 56 пайызы Қазақстанда, ал 44 пайызы Қытаймен, Ресеймен, Қырғызстанмен және Өзбекстанмен трансшекаралық өзендер есебінен қалыптасатыны белгілі. Бұл саладағы халықаралық-құқықтық негіз қазіргі заман шындығын ескере отырып, одан әрі өзектендіруді талап етеді».
Бір қызығы, еліміз тәуелсіздік алғалы бері ауыз су мәселесін шешуге тек бағдарламалық құжаттар аясында бюджеттен 790 миллиард теңге шығындалған. Бірақ ешқайсысы айтарлықтай нәтиже бермеген. Мысалы, бүгінде еліміздегі қалалардың 95, ал ауыл-шалғайдың 60 проценті ғана ішуге жарамды сумен қамтылған.