Көпқабатты үйде газ жарылып, пәтер өртеніп кетті. Оқыс оқиға Шымкенттегі «Нұрсәт» шағын ауданындағы тұрғын үйдің бірінші қабатында болған. Пәтерді жалға алған 63 жастағы азамат дене жарақатын алды. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Мына кадрдан өрт сөндірушілердің тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіріп жатқанын байқауға болады. Төтенше жағдай департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жарылыс таңғы 6.30-дар шамасында болған. Салдарынан пәтердің терезелері мен есіктері зақымдалып, қонақ бөлме жиһазымен жанып кеткен. Сондай-ақ, аулада тұрған 4 көлікке айтарлықтай зиян келген. Тілсіз жаудан 10 адам құтқарылды. Бет-аузы күйіп қалған Ресей азаматы алғашқы медициналық көмектен кейін, үйіне қайтарылыпты. Қазір, анықтау шаралары жүріп жатыр.
ЛӘЗЗАТ ЖАРҚЫНБЕКОВА, ПӘТЕР ИЕСІ: «Зал полный жанып кеткен. Басқа тамдарым сау. Өйткені, кухня тоже сау. Қалайша, ол бірденен залды өртеп жібереді? Соны ешқандай соседтер де келіспей отыр. Бірінші от шыққан, одан кейін, өрт кейін болған дейді».