Армения халқы Пашинянға қарсы көтерілді

Әзірбайжанмен келісімге келген Армения премьер-министрі Никол Пашинянның басына қара бұлт үйірілді. Ел астанасы Ереванда мыңдаған адам шеруге шығып, оның отставкаға кетуін талап етіп жатыр. Сондай-ақ, жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырғандар көршісімен жасасқан бейбіт құжаттың күшін жоятын жаңа Үкімет құрылғанын қалайды. Кавказдағы жағдай шиеленісе түскен соң, Ресей мен Түркия бейбіт келісімді бақылайтын орталық құруға уағдаласты. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

«Қарабақ азат етілді» деген ақпар шығысымен Ереван көшелерінде жаппай тәртіпсіздіктер белең алды. Осыдан екі күн бұрын шеруге шыққандар Үкімет пен Парламент ғимаратын басып алып, Парламент спикерін соққыға жықты. Онымен қоса, бейбітшілік құжатына қол қойған Никол Пашинянның отставкаға кетуін талап етіп жатыр.

ЕРЕВАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
«Біз бұл жерге ел премьер-министрі Никол Пашинянның отставкаға кетуін талап етіп келдік. Ол бүгіннен бастап халық жауы, отанын сатқан адам».

ЕРЕВАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
«2,5 жыл бұрын біз қазіргі Премьер-министрге дауыс бердік. Себебі, ол халыққа уәдені үйіп төкті. Оны көреген саясаткер деп жүрсек, істеп отырғаны мынау. Арцахтан айырылдық. 30 жыл біздің меншігіміз болған жерді жасырын сатып жіберді. Отставкаға кетсін. Ондай опасыздар бізге қажет емес».

Жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды деген күдікпен Армения билігі Парламенттің бұрынғы вице-спикері Эдуард Шармазановты тұтқындады. Тәртіп сақшыларының сөзінше, бұл көтерілісті жағдайды ұтымды пайдаланған оппозиция өкілдері ұйымдастырған көрінеді. Қазір, шеруге қатысқан барлық белсенділер іздестіріліп жатыр екен. Ал, жұрт жаппай биліктен кетуін талап етіп жатқан Никол Пашинян өзінің әрекетін былайша түсіндірді.

НИКОЛ ПАШИНЯН, АРМЕНИЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
«Таулық Қарабақтағы Степанакерт қаласына да қауіп төніп тұр еді. Армения қарулы күштерінің бас штабының мәліметінше, қала жақсы қорғалмаған. Егер, екінші тарап шаһарды басып алғанда мыңдаған сарбазымыз құрсауда қалар еді. Сәйкесінше, қазіргі аумақтан да айырылып қалатын едік. Сондықтан, келісімге келмеске амал жоқ».

Ал, Әзірбайжан көшбасшысы Ильхам Әлиев өздеріне тиесілі Таулы Қарабақ аймағында шығынды есептеу жұмыстары басталып кеткенін мәлімдеді. Тексеру қорытындысы бойынша, келтірілген залалды толығымен Армениядан өндіріп беруді талап етпекші екен. Бірақ, ресми Баку әзірге бұл жөнінде ақпарат таратқан жоқ.

ИЛЬХАМ ӘЛИЕВ, ӘЗІРБАЙЖАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
«Отан соғысы аяқталды. Әзірбайжан бұл ұрыста керемет жеңіске жетті. Біздің жер оккупациядан азат етілді. Көз алартқандарды қуып шықтық. Екінші Қарабақ соғысы Әзірбайжанның даңқты жеңісімен тарихта қалады».

Кавказдағы оқиғаларға алаңдаушылық білдірген Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен телефон арқылы тілдесіп, жағдайды тұрақтандыру тетіктерін талқылады.

«Ресейдің белсенді араласуымен осыған дейінгі ұзақ жылдарға созылған қақтығыстардың бір бітімге келуін қамтамасыз ететін Таулы Қарабақтағы соғысты тоқтату туралы жасалған келісімнің маңызы зор. Мүдделі тараптар Бірлескен мәлімдеменің шарттарын сақтайды деп үміттенемін».
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВТЫҢ МӘЛІМДЕМЕСІНЕН ҮЗІНДІ.

Шиеленіскен жағдайға байланысты Ресей мен Түркия Таулы Қарабақтағы қақтығысты тоқтатуды бақылау жөнінде бірлескен орталық құру жөніндегі меморандумға қол қойды. Екі ел министрі бейнебайланыс арқылы тілдесіп, келісімге келді. Ал, отандық саясаттанушылар бұл келісімнің ғұмыры ұзақ болуы мүмкін, — дейді.

ӘСЕЛ НАЗАРБЕТОВА, САЯСАТТАНУШЫ:»Бітімгерлік контингенттің бұл жерге 5 жылға орналасуы және де екі жақтың, Әзірбайжан мен Арменияның мемлекет басшыларының осы мәселенің бейбіт жолмен ары қарай мүдделілігі әрине жағдайдың одан әрі ушықпауына, тұрақтауына кепіл болады деп есептейміз. Қазақстан үшін Орталық Азия үшін бұл мәселенің осындай мәселемен шешілуі өте құптарлық жағдай біз үшін».

Келісімге сәйкес, Ресейдің бітімгерлік тобы қазір Таулы Қарабақ аймағына келіп жатыр. Олар құжат бойынша, даулы аймақты Армениямен жалғайтын ені 5 шақырым болатын Лашын дәлізіне орналастырылады. Әскерилер оқ атылмауын, соғыс болмауын қадағалайды. Сондай-ақ, келіссөз қорытындысы бойынша екі жақ тұтқынға түскен сарбаздар мен қайтыс болған азаматтардың мәйітін еш кедергісіз бір-біріне беретін болды.

X