20 мың студент жатақханамен қамтылады

Келер оқу жылында тағы 20 мың студент су жаңа жатақханамен қамтылады.   Құрылыс жұмытарын «мемлекет бізге, ал біз мемлекетке» көмектесейік деген қағиданы ұстанған ондаған отандық кәсіпкер жүргізіп жатыр. Сонымен студенттер үйі қай өңірлерде бой көтереді? Ал игі істі қолға алған кәсіпкерлерге қандай қолдау  берілмек? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Еліміздің әр өңірінде бой көтерген жатақханалар Елбасының «Бес  әлеуметтік бастамасы»  аясында салынып жатыр.  Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орналастыру, жобаға операторлық ету Білім және ғылым министрлігінің «Қаржы орталығы»  акционерлік қоғамына жүктелген.   Екі жылдың өзінде жоба аясында  20 мыңға жуық студент жаңа жатақханалардағы орындармен  қамтылыпты.

АҚЖОЛ ҚҰРМАНСЕЙІТ, «ҚАРЖЫ ОРТАЛЫҒЫ» АҚ САРАПШЫСЫ:
«Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, 2010-2018 жылдар аралығында тек 8000 орын енгізілген болатын. Биылғы жылғы меже 11 мың орынды енгізуді жоспарлап отырмыз. Онда 2 жылды қосып қарағанда, бұл меже 20000-нан асады. Осы жоба аясында Еуразия ұлттық университеті жатақханасының іргетасы қаланды. Бұл 2164 адамға арналған»

Студенттер үйінің құрылысы еліміздің оңтүстігінде де қызу жүріп жатыр.  Мұнда алдағы жылдың маусым-шілде айларында жоба қатысушысы жеке кәсіпкер 400  орындық  жатақхананы іске қосамын деп жоспарланып отыр.

АЙБОЛАТ ИШАНОВ, ҚР БҒМ «ҚАРЖЫ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ» МЕНЕДЖЕРІ:
«Бұл қажеттілікті шешу үшін Елбасының 3-ші әлеуметтік бастамасы бойынша «Шарталь» жеке кәсіпкері екі жатақхана салуда. Әрбір жатақхана 400 орыннан болады. Жалпы 800 орынға салынады. Екі алдын-ала келісім шарт жасалған».

Мемлекет әлеуметік тапсырысқа сәйкес, жатақхананың құрылысы толығымен аяқталған соң,  кәсіпкердің жұмсаған қаржысын мемлекет 8 жылда қайтарады.  Дәлірек,  жыл сайын бір студент үшін кәсіпкерге 350 мың теңге көлемінде қаражат бөледі.

АЙБЕК АҚАЕВ, ЖАСТАР САЯСАТЫ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК СҰРАҚТАР ДЕПАРТАМЕНТІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:
“Біз жатақхананың құрылысы толық аяқталғанан кейін ғана инвесторлардың шығындарын төлеп бастаймыз. Көріп отырған жатақхана ол 600 орынға арналған. құрылысы аяқталғанда ол студенттерді толықтай орынмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді».

Қысқасы, жобаға қатысушы үш  тараптың ешқайсысы да ұтылмайды. Мемлекетке көмек, кәсіпкерлерге қолдау, ал студенттерге жайлы жағдай жасалады.

X