Зейнетқордан алатын ақшадан табыс салығын кейін төлеуге болады

Алдағы жылы зейнетақы қорындағы қаржысын ішінара  шешіп алуға мүмкіндігі бар жандар үшін жағымды жаңалық. Олар енді  10 пайыздық жеке табыс салығын бірден емес, зейнетке шыққан соң 16 жыл бойы бөліп төлеуі мүмкін. Сенаторлар осындай ұсыныс айтып,  Салық кодексіне өзеріс енгізуді сұрады. Міндетті төлемдерге қатысты тағы қандай жаңалықтар жұрттың оң жамбасына тимек. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Осыдан екі ай бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің  халыққа жолдауында зейнетақы қорындағы қаржыны мерзімінен бұрын  ішінара  шешіп алу туралы айтқан еді.  Содан бері қорға ай сайын  ақша аударып отырған  10 миллион қазақстандықтың құлағы елеңдеп жүрген-ді.  Алайда, бұл ұсыныстың механизмін дайындаған Үкімет  батпан құйрыққа қарқ болатындардың санын  721 мың адамға дейін қысқартты. Қолданыстағы Салық кодексіне сүйеніп, қайырдың да бүтін болмайтындығын ескерті.  Әр салымшыдан 10 пайыз жеке табыс салығы ұсталатыны туралы ақпарат жұрттың бәріне бірдей жақпаған еді.  Ауадағы ақшасын санап, жоспарын құрып жүргендерге бүгін сенаторлар басу айтты. Олар бұл салықты ақшаны алған кезде емес, кейін төлеуді ұсынды.

МАУЛЕН ӘШІМБАЕВ  ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
«Аталған салықты зейнетақы  жинағын алған кезде емес,   тек зейнетке  шыққан соң ғана төлеу ұсынылып отыр. Оның өзінде бәрін бірдей аудармай, Заң жобасына  16 жыл ішінде бөліп төлеу туралы ұсынылды».

Сенаторлардың бұл ұсынысын Үкіметтің қалай қабылдары әзірге  белгісіз. Әрине,  бюджеттің бүйірін  150   миллиард теңгеге толтыратын төлемнің  енді бір мезетте емес, жылдар бойы созылып түсетіні мемлекетке  тиімсіз. Десек те, депутаттардың ұсынысы қабылданса,  қарапайым халықтың риза болатыны анық.  Өйткені , салықтың бір бөлігі жылдар өте келе инфляция құрбанынан айналары сөзсіз.

МАҚСАТ ХАЛЫҚ  ЭКОНОМИСТ: «Бір жағынан айтқанда, ауыртпашылықты кейінге шегерген қаншалықты тиімді? Зейнеткерге  бұл ақша  ол уақытта маңыздырақ емес пе деген мәселе туындайды. Ал екінші мәселе,   16 жылға бөліп төлеу кішкене болса да міндеттемені азайтатынын айтқым келеді».

Кодеске енгізілетін  өзгеріс  бұл ғана емес.  Пандемиядан зардап шеккен  орта және шағын бизнес өкілдері енді екі жылға корпоративтік салық пен қосымша құн салығынан босатылмақ. Енді олар бұрынғыдай 10-20 пайыз салық төлемейді.  Оның орнына 3 пайыздық  бөлшек салық енгізілетін болады.

РУСЛАН ДӘЛЕНОВ  ҚР  ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:
«Бұл пандемияға қарсы күрес аясында мүмкін болып отырған өзгеріс. Бұл жаңалық елімізде  карантин кезінде зардап шеккен 400 мыңнан астам кәсіпкерге   аяқтарынан тұруға септігін тигізбек.  Салықтың жеңілдетілуі  салдарынан олар  40 миллиард теңге үнемдейді.  Бұл орта және шағын бизнес үшін орасан зор көмек деп санаймыз».

Салық кодексіне енгізілетін өзгерістер  инвесторларды да  қуантпақ. Үкімет шет елдік кәсіпкерлерді 10 жылға дейін бірқатар төлемдерден босатуды қарастырып жатыр. Сондай- ақ, көпқабатты үйде тұратындар да жер салығын бұдан былай төлемеуі мүмкін.  Көлігі барларға да алтын сырға. Кодекке өзгеріс енсе,  олар  автомобиль үшін  міндетті төлемді келесі жылдың сәуіріне дейін өтеуге құқылы.  Депутаттардың халыққа жағымды бұл ұсыныстары Мәжіліске қайта жолданды.

X